Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 376.16
EUR 406.18
RUB 5.90
CNY 53.60

Қытайда пневмонияның өршуі: 440 адам жұқтырып, 9-ы көз жұмды

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 10:41

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 440 адамға жеткені және осы аурудан тоғыз адамның көз жұмғаны расталды. Бұл туралы сәрсенбі күні ҚХР Мемлекеттік кеңесі баспасөз кеңсесінің брифингінде Қытай мемлекеттік гигиена және денсаулық сақтау мәселелері комитеті директорының орынбасары Ли Бин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«21 қаңтар сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, 13 провинцияда коронавирустың жаңа түрін жұқтырған 440 адамның тіркелгені және 9 адамның қайтыс болғаны туралы деректер алынды», - деп мәлімдеді Ли Бин.

Науқастармен байланыста болған 2197 адам оқшауландырылды. Олардың басым бөлігі ауруханадан шығарылды, дегенмен 1394 адам карантинде.

Баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, зерттеу нәтижесі ауру жұқтырғандардың көпшілігі Ухан қаласымен байланысты екенін көрсеткен.

«Вирус қалай пайда болғаны анықталған жоқ. Оның қалай жұғатыны да толықтай зерттелмеді. Вирустың мутацияланып, эпидемияның әрі қарай таралу қаупі бар», - деді Ли Бин.

Сәрсенбі күні Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда коронавирустың жаңа түрінің таралуына байланысты шұғыл жиналыс өткізетіні күтілуде.

Айта кетейік, 15 қаңтарда коронавирусты жұқтырғандар саны 41 адам болатын, көз жұмғандар – екі адам. Ал 19 қаңтарда ауруға шалдыққандар 200-ге жуықтады, үш адам қайтыс болды. 20 қаңтарда 300-ге жуық адам есепке алынды. «Осы жылдың 20 қаңтары сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, коронавирустың жаңа үлгісіне шалдыққандар саны 291-ге жетті (270 – Уханда, бесеуі – Бейжіңде, 14-і – Гуандунь провинциясында (Оңтүстік Қытай), екеуі – Шанхайда. Қытайдың 14 провинциясында ауру жұқтыруы мүмкін 54 адам бар», - делінген болатын ҚХР ұлттық денсаулық сақтау ісі жөніндегі комиссиясының мәліметінде.

Пневмонияның өршуіне байланысты Қазақстанның аталмыш елмен шекараларында, әуежайларда бақылау күшейтілді.


Авторы Руслан Сүлейменов


Басты сөздер: Коронавирус, Әлем, Оқиға, Қытай,
Жоғары қарай