Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Қытайдың Тарбағатай аймағында ақындар айтысы өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2019 жылдың 3 тамыз 2019 11:06

Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытай қазақтарының тұңғыш фотографы- Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)





Осы аптада ҚХР-ның CNR ақпараттық сайтында, Қытай қазақтарының тұңғыш фотосуретшісі, журналист, жазушы Асылқан Багенұлы жайлы көлемді мақала жарық көрді. Жазба авторы Қуандық Көбенұлы.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, мақала кейіпкері Асылқан Багенұлы 1942 жылы 7 қарашада Үрімжі ауданы Шүйшигу ауылында өмір есігін ашқан. Редактор, баспагер, жазушы, танымал фотограф Асылхан Багенұлы жастайынан айналасына шығармашылық көзбен қарап өсіпті. Ораулы шимен оранған кигіз үйде есейген Асылқанның ең алғашқы туындысы да осы ораулы ши жайындағы суреттен басталыпты. Бір қызығы, Асылқан мектепті, ЖОО-ны да Қытай тілінде оқып бітіргеніне қарамастан, қазақ тілінде әдеби шығармалар жазумен айналысқан. 1964 жылы Шынжаң университетінің қытай тілі мамандығын бітірген Асылқан сол жылы Бейжіңдегі тибет, моңғол, ұйғыр және қазақ тілінде шығатын «Ұлттар» суретті журналына фототілші, редактор болып орналасқан. Ол бірінші фотосын 1965 жылы ауыл тұрмысын түсірумен бастаған. Асылхан Багенұлы аталған суретті журналда 20 жыл қызмет атқарған екен.





Асылқан 1988 жылы туған жері Шыңжаңға қайта оралып, «Шыңжаң суретті журналында» қызмет істейді. 1990 жылы қазаннан бастап, Шыңжаң фотоөнер баспасының бас редакторының орынбасары болып жұмыс жасайды. Кәсіби мамандығы бойынша 1996 жылы «Аға редактор» деген беделді атаққа ие болады.

Фотограф болып 50 жыл қызмет еткен Асылқан Багенұлының еңбектері көбінде қытай, қазақ және ағылшын тілдерінде жарияланған. Соның арқасында оның ел іші-сыртында өз көрермендерін жинай алған талант иесі, деп жазады мақала авторы.

Бейжіңдегі «Ұлттар» суретті журналы, «Халық азаттық армиясы» суретті журналы, «Халық газеті» қатарлы мемлекеттің белді басылымдарында Асылқанның 500-ден астам фотосуретті мақалалары жарияланған. Талантты фотографтың аса бағалы еңбегі саналған «Дүниежүзі картасы» мен «Қытай картасы» атты туындылары қытай және қазақ тілдерінде баспадан шығып, жергілікті қазақтардың осы саладағы ақтаңдағын толтырады.





Асылқан Багенұлының көптеген туындылары фотожинақ ретінде кітап болып жарыққа шығып, ел ішіндегі және халықаралық көрмелерге қатысқаны айтылады.

«Асылқан Багенұлы «Қазақ тұрмыс-салты» атты фотожинағы мемлекеттік 2-ші дәрежелі жүлдеге ие болған. Қытай, қазақ, ағылшын тілдеріндегі «Қазақ киіз үй мәдениеті» атты көлемді фотоальбомы 2001 жылы мамырда Қазақстанның Алматы қаласында өткен кітап және фотоөнер туындылары көрмесіне қойылды. Осы фотожинақ 2004 жылы Шынжаң өлкесі бойынша 2-ші дәрежелі үздік туынды сыйлығын алған. Сондай-ақ «Қазақы тұрмыс-салт мәдениеті» атты көлемді фотожинағы 2004 жылы баспадан шыққан.





«Саятшы», «Аққу көлі», «Тұрпан жүзімі» сынды көркем фототуындылары Жапония, Голландия, Германия, Қазақстан қатарлы елдерде өткен халықаралық фотосурет көрмелеріне қойылып, көрермендердің жоғары бағасына ие болған. Осыншама үлкен жетістіктер Асылқанның қолына аспаннан түсе қалмады. Ердің ерте тұрып кеш жатып, тынбай еңбек етумен, әжелердің қырық қиқымынан қюластырып тіккен төр көрпесіндей, қыруар суреттерді жинақтаған қажыр-қайратымен, ұқыптылығымен қолға келді...», деп жазады автор бұл мақаласында.

Асылқан Багенұлы тек қолына аппарат ұстаған фотограф қана емес, әдеби шығармаларымен де танылған жазушы. Ол Қытай қазақтарына белгілі «Қасен генарал» романының авторы.





Айта кетейік, бұл романға арқау болған Қасен Рүстемұлы бала күнінен бөтен елде, жат жерде жүріп Бейбарыстың күнін кешкен ерекше тағдыр иесі. Ол Қытай армиясында басшылық қызмет атқарған, қазақтың қайсар азаматы, армия генералы. Қасен Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзедунның жеке күзетшісі әрі көмекшісі(1937-1939) болған. 1951 жылы полковник шеніндегі Қ. Рүстемұлы елдегі танк армиясының құрушысы, 1-ші танк мектебінің бастығы болып тағайындалған. 1983 жылы армия генералы дәрежесінде зейнетке шыққан.

«Қаламгердің «Құздағы құйма» қатарлы очерктері, «Қасен генарал» атты романы және қазір қолындағы екі томнан тұратын ғұмырнамалық романын баспаға ұсынбақшы. «Аяулы әскер Швейк», «Ли Зұңрынның қайта оралуы», «Мао Цзедунның Сыномен әңгімесі» сияқты кітаптары қытай тілінен қазақшаға аударылды. Сонымен қатар қытай, ұйғыр, қазақ тілдеріндегі фотоөнер туындыларының редакциясын қарап, баспадан шығарды» делінген бұл жазбада.

«Фотоөнер саласындағы еңбектері үшін Асылқан Багенұлына ҚХР фото-сурет қоғамы 1996 жылы «Құрмет» медалын тарту етті. Ол 1995 жылы Шынжаң өлкелік әдебиет көркөменершілер бірлестігінің фотосуретшілер қоғамы «Шынжаңның фотосурет қызметіне ерекше еңбек сіңірген тұлға» деген даңықты атақпен марапаттайды. А. Багенұлы ҚХР қазақ мамандары кітабынан ойып орын алған тұлға. Қытай фотосурет қоғамының және Шыңжаң фотосурет қоғамының орынбасар төрағасы секілді қоғамдық міндеттері мен оның асқан асулары, шыққан шыңы фотография саласындағы жастардың үйрену үлгісі болмақ» деп түйіндейді мақала авторы.





Түркия Мәжілісінің төрағасы Орхон ескерткіштеріне барды - TRT





Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп түріктердің алғашқы жазбасы Моңғолиядағы Орхон ескерткіштеріне барды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Алдымен Қарақұрым мұражайын аралаған мәжіліс төрағасы бастаған парламент мүшелері артынан Ердене Зуу монастырына барған.

Ресми сапармен Моңғолияда жүрген Түркия мәжілісінің төрағасы Шентоп пен қасындағы делегация мүшелері Орхон ескерткіштері орналасқан аймаққа барды. Осында ескерткіштерді және басқа да археологиялық жәдігерлерді тамашалаған Шентопқа сондағы лауазым иелері жан-жақты мәлімет бергені айтылады.

«Бұлар – түркілердің артына қалдырған тұңғыш жазбаша құжаттары. Тарихи жазба Көктүріктердің әліпбиімен таңбаланған. Қысқаша сол дәуірдің саяси оқиғалары, мемлекеттік тәртібі жөнінде сабақ береді. Ұлттардың барлығы негізгі мәселелерде бірліктерін қорғау арқылы табысты болған. Бірлік бұзылған кезде, өз араларына араздық кірген кезде мемлекеттер де, ұлттар да ыдырайды, тіпті тарих сахнасынан өшеді. Бұларды өз жерінде көрудің артықшылығы бар» деді М. Шентоп.

«Мұстафа Шентоп пен қасындағы делегация Орхон ескерткіштерін көргеннен кейін моңғолдардың дәстүрлі шатырында тамақтанды. Делегация мүшелері ескерткіштер орналасқан аймақтан естелік үшін топырақ алды» деп түйіндейді түркиялық БАҚ.

Футболға бейімдейтін 3 мың балабақша салынады - «Жэньминь жибао» (People Daily)





Қытай билігі балаларды балабақшадан бастап футболға бейімдеуді қолға алмақ ниетте. Бұл туралы Қытайдың Білім министрлігі Бейжіңде өткізген баспасөз мәслихатында мәлім етті. ҚХР білім министрлігінің жариялаған бұл баспасөз мәлімдемесі «Мемлекеттік жасөспірімдердің мектеп ауласы және футбол қызметі» деп аталады. Баспасөз мәслихаты барысында белгілі болғандай, министрлік алдағы уақытта футболға бейімдейтін арнайы 3 мың балабақша салуды жоспарлау үстінде екен.

«Футболға бейімі бар балалардан құралған балабақшаны сынақ ету қызметі қолға алынбақ. 2019 жылғы жоспар бойынша, футболға бейімдейтін 3 мың балабақша таңдап құрылады. Сонымен бірге, балаларды тәрбиелейтін футбол мұғалімдерін қайта дайындауға республикалық деңгейде тұңғыш рет курс ашылады. Егер қолға алған жұмыс сәтті болып жатса, біртіндеп бұл жоспарды бүкіл ел бойынша жалпыластыру» деп жазады «Жэньминь жибао» .

Өзбекстан әуе жолдары компаниясы 6 ұшағын сатылымға шығарды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі





Бұл жайындағы хабарды әуе компания өз ресми сайтында жариялады. Хабарға сәйкес, ұшақтар қатарында жолаушы тасуға арналған екі Boeing 767, екі Boeing 757 және жүк тасуға арналған екі Boeing 767 маркалы ұшақтары сатылымға қойылған, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Өзбекстан әуе жолдары компаниясы Ұлттық компанияның ұшақ авиапаркін әрі қарай жетілдіру және модернизация жасау үшін осындай шешімге келген. Сатылымға қойылған маркадағы ұшақтар «Uzbekistan airways» компаниясына 20 жылға жуық уақыт қызмет еткен. Ал, енді сатылатын ұшақтардың орнына компания орта қашықтыққа ұшуға арналған А320 ұшақтарын алу жоспарланған» деп жазады uza.uz/kz.

Аталған ақпарат көзінің келтірген мәліметінше, өткен айда Ақпараттық және бұқаралық коммуникациялар орталығында өткен брифингте, компания ішкі рейстер үшін Канаданың Bombardier немесе Бразилиянинг Embraer компанияларының шағын сиымдылықтағы әуе кемелерін алуды жоспарлап отырғаны жайында айтқан болатын, делінген.

Қытайдың Тарбағатай аймағында ақындар айтысы өтті - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)





Тарбағатай аймағының 22-кезекті ақындар айтысы басталды.

Жалпы жұрт асыға күткен аймақтық 22-кезекті ақындар айтысы мәдениет-туристік мерекесі 1 тамыз күні Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданы Қараеміл қалашығы Қызылбұлақ сахарасында ашылды, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.





Аймақ халқы бұл ұлттық мәдени мерекені биыл 22-ші рет қарсы алып отыр. Тарбағатайда дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан ақындар айтысы 2 жылда бір рет өткізіледі екен. Ақпарат көзінің мәліметінше, бұл мәдени шара ҚХР-ның құрылғандығының 70 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.





Соған сәйкес, осы жолғы ақындар айтысында 31 киіз үй «70» цифры формасында тігілген. Аталған мәдени іс-шарада концерт нөмірлерімен қоса, ат бәйгесі, балуандар күресі, веложарыс сынды спорттық ойындар да өтпек. Сондай-ақ, қазақтың алуан түрлі қолөнер бұйымдары да көрмеге қойылған.





«Тәбәри тарихы» қазақ тілінде екінші рет басылып шықты - «Фарс» ақпарат агенттігі





ИИР-ың Қазақстандағы Елшілігінің ұсынысымен ирандық жазушы Мұхаммед ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихы» шығармасы қазақ тілінде екінші рет басылып шықты. Шығарманы парсы тілінен аударған – Айнаш Қасым. Кітап балалар мен жасөспірімдерге арналған, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

Бұл шығармада тарихи оқиғаларға негізделіп, пайғамбарлардың, патшалардың, әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың өмір тарихын түзген. Құран аяттары мен хадистеріне сүйенген, арасында аңыз-әпсаналарды өрген шығармада Тәбәридің өзіне тән машықпен жазылған қарапайым тіліндегі мысалдар мен нақыл сөздер ұтымды әрі үйлесімді қолданылған. «Тәбәри тарихы» тарихи кітаптар тізімінде болумен бірге, парсы әдебиетінің құнды мұраларының қатарында да жоғары бағаланады, дейді «Фарс» ақпарат агенттігі.

Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: БАҚ, Қоғам,
Жоғары қарай