Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

«Қызыл оба» қорымы Қазақстан үшін сенсация – тарихшы

2020 жылдың 28 наурыз 2020 10:42

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы «Қызыл оба» қорымында маусым айынан қазба жұмыстары басталмақ. Былтыр солтүстікқазақстандық және Павлодардың ғалымдары Сілеті өзенінің төменгі ағысы мен Қаратал және Береке ауылдары маңында Алтын орда дәуіріне жататын жеті мавзолейді тапты. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, ғалым Анатолий Плешаков экспедицияның өте қызықты жұмыстары туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

- Қазақтарды көшпенді деп келдік. Ал «Қызыл оба» қорымында табылған кесенелер бұл қалыптасқан пікірді жоққа шығарғандай.

- Қазақтар көшпенді емес. Мен ол жайында бұрыннан айтып келемін. Бедуиндерді көшпенді дейміз. Қазақтардың қыстауы, жайлауы бар. Көпшілік айтады, қазақтар солтүстіктен оңтүстікке көшіп отырған деп. Кім, қайда көшкен, не үшін? Кім мұны ойдан шығарған? Мен осыдан шамамен он жыл бұрын «Номад» институтының шақыртуымен Қазақстанның солтүстік өңірлеріне шыққан экспедицияға жетекшілік еттім. Біз солтүстік аймақтардағы қазақ «көшпенділерін» зерттедік. Халық «қыстау әне, анау орманның артында, жайлау ана көлден кейін» дейді. Сондағы байқағаным, қыстау мен жайлаудың ара қашықтығы шамамен 3-5 шақырым ғана. Тек біреуінде ғана жайлау мен қыстаудың арасы 20 шақырым болды.





«Қызыл обада» бір емес, бірнеше жыл жұмыс істемекпіз. База құру қажет болады. Жұмыс көп. Қазақстан үшін үлкен сенсация. Жалпы Қазақстанның солтүстігінде бұған дейін орта ғасырларға жататын ескерткіштер болған жоқ, оларды қазбайтын. Өйткені, 1944 жылы жазық далаларда орта ғасыр дәуіріне жататын ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізбеуге Жарлық шыққан еді. Елдің оңтүстігінде қала сәулеті зерттелді. Ал мал шаруашылығымен айналысқандардың мәдениетін зерттеуге Кеңес дәуірі ыдырағанға дейін тыйым салынды. Археологиялық ұжымдар дәстүр бойынша ерте темір, қола, тас дәуірлерін зерттеді, ал орта ғасырлар қалып қойды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жұмыстар қолға алынып, археологиялық нысандар, ескерткіштерге экспедициялар ұйымдастырыла бастады.

Павлодардан келген ғалымдардың бастамасымен «Қызыл обада» қазба жұмыстары былтыр басталды. Мавзолейдің бір бұрышын аштық. Бірақ, жерленген орын – қабірге тиіскен жоқпыз. Біз оны биыл ашу үшін қайта жауып кеттік. Өте қызықты жұмыс күтіп тұр. Ол жерден көп нәрсе табамыз деген үміттемін. Жалпы менің пікірім, мұндай жерлерді көпшілік көре алатындай музейге айналдыру қажет. Біздің аумағымыз үшін бұл – сирек кездесетін ескерткіштердің бірі. Өйткені бұған дейін СҚО-да бұл дәуірге жататын ескерткіштер жоқ деп есептелді. Кемел Ақышевтің «Қазақстанның археологиялық картасы» 1960 жылы жарық көрді. Онда Солтүстік Қазақстанның археологиялық қазбалар жүргізу үшін келешегі жоқ деп көрсетілді. Яғни, археологиялық нысандар аз, бар болса да олардың маңызы шамалы деп айтылды.

1967 жылдан бастап біздің экспедиция жұмыс істей бастады. Мен олардың қатарына бір жылдан кейін қосылдым, басында отрядты, кейін экспедицияны басқардым. Тас дәуіріне жататын Атбасар мәдениетін ашып, ғалымдардың назарына ұсындық. Кейін Ботай мәдениетін, Петров мәдениетін, қола дәуіріне жататын Сарқара мәдениетін ашып, бұл өңірдің археологиялық құндылықтарға бай екенін көрсеттік. Қазір енді орта ғасырға жататын бірегей нысанмен жұмысты бастаймыз. Ол туралы дәл қазір біз ештеңе де білмейміз. «Қызыл оба» Қазақстан тарихындағы жаңа ұғым болмақ.

- «Қызыл обаның» ерекшелігі неде?

- Қорым табылған кезде мавзолейлердің бірінің бұрышын аштық. Күйдірілген кірпіштен қаланған екен. Егер күйдірілген кірпішті қолданса, ол кезде кірпіш өндірісі жақсы жолға қойылған. Мұндай үлкен мавзолейлерді салу үшін үлкен кірпіш зауыты болуы қажет. Біз ол жерде тек жақын орналасқан ғана жеті мавзолейді таптық. Олардың әрқайсысының алып жатқан аумағы ені 20 метр болса, ұзындығы 30 метр. Оның күмбезін шығару үшін шамамен 30 метр көтеру қажет, яғни 9 қабатты үйдің биіктігіндей. Ойлай беріңіз қаншама кірпіш қажет?! Ал ғимараттың астыңғы жағындағы қабырғасының қалыңдығы 2 метр шамасында. Барлық алаңқай да күйдірілген кірпішпен қаланған. Оған дейін және одан кейін де сабаннан жасалған күйдірілмеген кірпіштер құрылысқа қолданылып келді. Сол себепті осыншама кірпішті шығару үшін үлкен зауыттар болған деп есептейміз. Сондай-ақ, кірпіш жасау үшін балшық, су қажет. Ал суды шелекпен тасымағаны түсінікті. Сол үшін қыш ыдыстары бар шығыр орнатып, суды арық арқылы жеткізген. Бұл жердің халқы отырықшы болған. Жер өңдеумен айналысқан. Бұған дейін табылған ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштерде халықтың дақыл егумен айналысқаны анықталды. Сол себепті біздің арғы аталарымызды көшпенді деу қате.





- Қазақстанның солтүстік өңірлерінде осыған ұқсас археологиялық ескерткіштер бар ма?

- Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік батысында орта ғасырларға жататын ұқсас ескерткіштер бар. Ал солтүстік аймақта бірінші рет табылып отыр. Бұл қоныс жай, мал баққан адамдарға емес, қолында билігі болғандарға тиесілі. Оның тағы бір дәлелі – қорымның жанында көл бар. Оның атауы – Төре. Бұл кездейсоқ емес, өйткені елді мекендердің атаулары сол жерде тұрған халықпен де тығыз байланысты.

- Биыл аты әлем ғалымдарына танымал Ботай қонысының табылғанына да 40 жыл толмақ. Сіз ол жерде қазба жұмыстарын жүргіздіңіз бе?

- 1980 жылы шілде айында біз Тайынша ауданының түбінде тас дәуіріне жататын қоныстағы қазба жұмыстарынан Ботайға ауыстық. Сол кезде алғашқы қолға үйретілген жылқы туралы айтыла бастады. Бірақ сол кезде ғалымдар бұл жаңалыққа шүбә келтірді. Кейбірі әжуалап, күлді де. Қазір бұл мәселемен айналысатын әлемдік ғалымдар бұл жаңалықты қабылдады, яғни Қазақстанның жазық даласында жылқы алғаш рет қолға үйретіліп, кейін бүкіл дүниежүзіне тарағанымен келіседі.

Мен үнемі студенттеріме «егер жылқы болмаса, тарихымыз мүлде басқаша қалыптасар еді», деп айтып отырамын. Өйткені жылқының арқасында географиялық ашулар жасалды, жылқының арқасында жаңа жерлер жауланды. Жылқы мінсең көлік қана емес, ішсең - сусын, терісі – киім, жесең – ет. Сүйегінен түрлі бұйым жасауға болады. Сол себепті бұл бірегей жануар. Мысалы, ірі қара малды немесе қой-ешкіні алатын болсақ, оларды қолға үйреткенде сүйектері, қаңқасы бірден өзгеріске ұшырайды. Ал жылқы тіпті қазіргі уақытта да өзінің тағылығынан айырылған жоқ. Табында жүрген жылқыны бірден ұстап мініп кете алмайсың, оны қолға үйретуің қажет. Ал жылқы табынын жылқышы емес – айғыр бағады. Қажет болса ит-құстан да қорғайды.











Қазір Ботаймен біздің зертхана айналыспайды, бізге басқа мақсат-міндеттер қойылды. Ал Ботай қонысында Виктор Зайберт 40 жыл нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Әлі күнге дейін Ботай қонысының қалай табылғаны есімде. Біз Виктор Федорович екеуміз зертханада сөйлесіп отырып, қай жерде қазба жұмыстарын жүргізуге болатынын ақылдастық. 1969 жылы Виктор Федорович топпен Айыртау ауданында барлау жұмыстарын жүргізеді. Бірақ Ботайға шамамен 100-200 метр жер қалғанда, топтағы бір қыз ауырып қалып кейін кетеді. «Сол жерде бірдеңе болуы мүмкін. Сол жақты қазып көру керек», - деді ол. Олег Мартынюк пен Владимир Заитовты сол жаққа жіберіп көруге шештік. Олар бір сөмке олжамен оралды.

- Ботай қонысында табылған ерекше ашулардың бірі жайында айтып берсеңіз?

- Халықаралық симпозиум ұйымдастырылып, соған орай үштік қабір ашылды. Яғни, бір жерге үш адам жерленген, айнала екі қатар жылқының бас сүйектері қойылған және бұл адамдар ескі, иесіз қалған тұрғын үйде жерленген екен. Сол жолы трепанация жасалған бас сүйек те табылған еді. Біріншіден ол метис болды, бұл – Мәскеу антропология институтының қорытындысы. Бес мың жыл бұрын оның бас сүйегінде 7-8 мм екі тесік жасап, оған былғары бау таққан. Осындай басындағы сол ашық тесігімен тағы 15 жылдай өмір сүрген. Сол бауды қозғаған кезде галлюцинация пайда болған, яғни оны көріпкел ретінде ұстаған.














Менің пікірімше, ол жерде негізгі ашулар жасалды. Енді зерттеулерде заманауи тәсілдерді, технологияларды қолданып, түрлі сараптамалар жүргізу қажет. Виктор Зайберт қазір сол жұмыстармен айналысып жатыр да. Ол жерде Ботай мұражайы пайда болды. Бұл – ең басты атқарылған жұмыстардың бірі деп есептеймін. Ботайды жұрт білуі тиіс, туристерді тарту үшін де қажет.

- Әңгімеңізге көп рахмет!












Жоғары қарай