Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Қызылорда облысында I топ мүгедектерінің көмекшілеріне қызметақы жыл соңына дейін төленеді

2019 жылдың 23 қазан 2019 21:15

ШИЕЛІ. ҚазАқпарат – Қызылорда облысының Шиелі ауданында I топ мүгедектерінің жеке көмекшілеріне қызмет көрсету ақысы жыл соңына дейін толықтай төленетін болады. Бұл туралы бүгін брифинг барысында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі уақытта Шиелі ауданында ахуал тұрақты. Аудан әкімдігімен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке көмекшілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қызмет көрсету ақысы мердігер мекеме тарапынан төленетіндігі түсіндірілді.

Жыл басында аталмыш аудандағы І топ мүгедектерінің жеке көмекшілеріне бөлінген 28 млн теңге қаржыны мемлекеттік сатып алу заңымен мердігер мекеме жеңіп алған. Бұл қаржының 27 млн теңгесі игерілді.

«Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшілеріне сағатына 388 теңге төленсе, қазір ол сома 465 теңгеге артты. Сондай-ақ, 2017 жылы олардың жалақысы 18 мың теңгені құраса, қазір 32 мың теңгеге өскен. Бұл ретте, қосымша қаржы бөлу үшін мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес қарама-қайшылықтар болды. Сонымен бірге, бұл қаржы 131 әлеуметтік көмекшіге арналса, кейін олардың саны тағы да 23 қызметкерге артып, 154 әлеуметтік көмекшіге ақы төлеу қажеттігі туындады. Дегенмен, түрлі қаржы көздерін тарту арқылы аталған түйткілді жыл аяғына дейін шешу басты жоспарда», - деді Талғат Дүйсебаев.

2019 жылдың 1 маусымынан бастап жеке көмекшілердің қызметақысын есептеуге арналған коэффициенттердің өсуіне және қажеттілігіне қарай мүгедектерге қызмет көрсетушілер саны 154 жеке көмекшіге көбеюіне байланысты аудандық бюджеттен 13 274,0 мың теңге қосымша қаржы бөлінді. Мердігер мекемемен қосымша келісімшарт жасалып, биылғы 18 қазанда аталған қаржының 6 942,0 мың теңгесі аударылған. Алдағы уақытта қалған қаржы мердігер мекеменің құжаттар ұсынуына қарай игерілетін болады.

Жоғары қарай