Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қызылордада аялдамадағы жол апаты: Ауруханадағы екі адамның жағдайы ауыр

2019 жылдың 21 қараша 2019 20:51

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Қызылорда қаласындағы аялдаманың бірінде болған жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айбек Мырзағұлов мәлім етті. Оның айтуынша, оқиға орнында 3 жедел жәрдем бригадасы қызмет еткен.

«Оқиға орнынан 2 адам жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер 10 жас шамасындағы баланы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызды. Ал 31 жастағы әйел қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Екеуінің де жағдайы өте ауыр. Оларға процедуралардың барлығы жүргізіліп жатыр», - деді Айбек Мырзағұлов.

Естеріңізге сала кетелік, жол апаты бүгін сағат 09.15 шамасында Назарбаев даңғылы бойында болған. «Тойота Камри» маркалы автокөлігі «Mercedes-Benz» көлігін сол қапталынан келіп соққан. Салдарынан «Тойота Камри» жүргізушісі көлікті басқара алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды басып кеткен.

«Үш адам оқиға орнында көз жұмып, 2 адам емханаға жеткізілді. Кінәлі автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында анықталып, уақытша ұстау орталығына қамалды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жоғары қарай