Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Қызылордалық ақшаны баспаханадан басып шығарған

2019 жылдың 7 наурыз 2019 21:54

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы жарнама агенттігінің қожайыны өзінің баспаханасында жалған ақша жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің жедел іздестіру шаралары негізінде Қызылордада жалған ақша банкноттарын жасап шығарған жасырын цех анықталған еді.

Жарнама агенттігінің иесі жасалған жалған ақшаны букмекерлік кеңседе күзетші болып жүрген Өзбекстан азаматы арқылы өткізуге уағдаласқан. Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметі оларды қылмыс үстінде ұстады. Сол сәтте олар бір-біріне 5000 теңгелік банкноттың 132 дана қолдан жасалған нұсқасын өткізбек болған.

«Жалған ақша жасау және оны өткізу туралы алдын ала келіскен олардың қылмыстық әрекеті толық дәлелденді. Олардың екеуі де Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді», - деді Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің басқарма басшысы Ардақ Биғалиев.

Аталмыш қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралған.

Жоғары қарай