Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Қызылордалық зағип қыз ән айтып, өлең жазумен шұғылданады

2019 жылдың 8 наурыз 2019 14:30 1209

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық әнші және ақын Әсел Төребаева тағдырдың жазуымен бес жасында көзі көруден қалған. Қайсар мінезімен алға ұмтылған жас өзінің өнері және өлеңі арқылы қызылордалықтарға кеңінен танымал болып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол Сырдария ауданы Ақжарма ауылында тұрады. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық филармониясында әнші қызметін атқарады. Қашанда ізденіс жасаудан жалықпайтын әнші қыз әрбір әні арқылы өнер өлкесінде өз өрнегін салып келеді. Әселдің бес жасында көз жанары нашарлай түскен. Ата-анасы желкілдеп өскен жеткіншекті дәрігерлерге емдеуге алып барады. Алайда олардан келер қайран болған жоқ. Ақ желеңді мамандық иелері Әселдің көз жанарының қайта түзелуіне барынша күш салды. Ота жасалды. Десе де одан кейін жас өрен жарық дүниені көру бақыты бұйырған жоқ.

Содан бергі жылдарда жанына әнді серік етті. Әуелей шырқалған әрбір ән жанына қуат сыйлап, өзіне ерекше жігер қосады. Осылайша өзіне шабыт алады. Өнерін бағалаған жерлестері әрдайым оған қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Әсел өлең жазумен де айналысады. Жүрек түкпірінде жатқан жыр жолдарын өлеңмен өре түседі. Өзінің орындауындағы кейбір әндерін өзі дайындайды.

Қызылорда мен Ақжарма ауылының арасы 70-80 шақырымды құрайды. Соған қарамастан облыстық филармонияда қызмет етіп жүрген Әселдің өнер ұжымының басшылығына айтатын алғысы зор. 

«Маған филармония басшылығы қолдау көрсетіп келеді. Оған шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Жұмысқа күнде келуді талап ете бермейді. Негізінен концерт және өзге де көптеген мәдени іс-шараларда келуге тырысамын. Бұл менің жүрек қалауыммен таңдап алған кәсібім ғой. Әншілік өнер - менің жаныма жақын. Өнер ордасы - менің ортам. Әншілік өнер маған ерекше ұнайды», - деді Әсел Төребаева.

Былтыр Әсел облыстық филармонияда «Әнші бағы» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. Аталмыш шараны Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнады. Сол шығармашылық кешінде «Қызылордам» атты әнінің тұсаукесерін жасады. Оны әріптестерімен бірге орындап шықты.

Бүгінгі күнге дейін өнер иесі өзінің ән жинағын да шығарып үлгерді. «Көңілімнің нұры» атты ән жинағы тыңдарман қауымнан жоғары бағасын алды. 

Әсел алдағы уақытта білікті дәрігерлер қарауына барып, өзінің денсаулық жағдайын жақсартуды армандайды. Әнші қыздың өнерге деген құштарлығы өзіне шабыт беретінін жасырмайды. Әрбір қиындыққа қарсы тұруға осындай жігерлілігі мол септігін тигізіп келеді. 

 

 

Жоғары қарай