Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Мағжанның шын бағасын бере алмай келеміз -Жарасбай Сүлейменов

2019 жылдың 9 шілде 2019 21:16

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін жазушы-журналист, белгілі мағжантанушы Жарасбай Сүлейменов 70 жасқа толды. Жарасбай Қабдоллаұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер жайында ой қозғады.

Жарасбай Сүлейменов Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Петропавл педагогика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын туған ауылында шопан, тракторшы болып бастаған Жарасбай Қабдоллаұлы әскерден оралғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде, облыстық телерадиокомпанияда қызметтер атқарды. Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің директоры, бас редакторы болды. 2007 жылы «Нұр Отан» партиясынан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бүгінде «Солтүстік Қазақстан» газетінің директоры.


null

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Мағжан» журналының бас редакторы, «Көмескі із», «Шынның жүзі», «Дара жол», «Еменнің иір бұтағы», «Сөнбейтін шырақ» сияқты 30 кітаптың авторы. Ж.Сүлейменов - Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерінің иегері. Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

- Жарасбай аға, 70 жасқа келіп жатырсыз, құтты болсын! Өткен өмір жолыңыз туралы оқырмандарымызға айтып берсеңіз?

- Уақыт деген ұшқыр ғой, кезінде өзім жазатынмын «күміс қанатты уақыт» деп, шын мәнінде солай, күнге күн, айға ай ұласып, ұршықша үйіріліп, зымырап өтіп жатыр. Осынша жасқа кеп қалғанымызды да аңғармаппыз. Жас деген ол өмірдің бір белесі. Әрине осындай сәттерде ойланасың, толғанасың. Өткен өмірді көз алдыңа елестетіп, қандай жолдан өттім, қайда ат басын тіредім, осы уақыт ішінде не тындырдым деген ой көбірек мазалайды ғой адамды. Сауалыңызға бір ауыз сөзбен де жауап беруге болады. Өмірдің өзі «әттеген айсыз» болмайды ғой. Қазір қарап отырсам, өз өміріме ризамын, бүгінгі тындырған ісіме. Шалғайдағы ауылда, қарапайым, көп балалы отбасыда дүниеге келдім. Әке-шешем қара жұмыспен айналысты. Мектепті жақсы бітірсем де бірден оқуға түсіп кете алмадым. Ауылға келіп қой бақтым, тракторға отырдым. Қазір енді ойлаймын «осы балам оқиды, жақсы қызмет істейді» деген балаларының май-май болып тракторда жүргенін көріп әке-шешемде сол кезде «үмітімізді ақтамады» деп біраз қиналған шығар.

Менің жолымда үнемі жақсы адамдар кездесті. Тракторшы болып жүргенімде Қуаныш Қозыбаев деген көрші ағайымыз болды. Білікті тракторшы, кеудесінде ордені бар еді. Сол кісі үнемі «сен оқуды жақсы оқыдың ғой, бұл жерде қалып қойма, шамаң келсе оқу оқы» деп үнемі құлағыма құя беретін. Жанашыр жандар ақыл-кеңестерін беріп, өмірден өз орнымды табуыма көмектесті. Осы редакцияға келгенде де менің журналист болып қалыптасуыма менің ұстаздарымның еңбегі көп сіңді. Олар: Уәбіл Әкімжанов, Бақыт Мұстафин, Мұқаметқали Нұрғожин, т.б. Мен әскерден келгенде арнайы білімім болған жоқ. Бірақ солар мені үйретіп, тәрбиелеп, қатарға қосты. Сондықтан өміріме ризамын, оның «әттеген айлары» аз болды. Әрине қазір ана мәселені былай шешер едім, мынаны басқаша істер едім деп көп сөз айтуға болады. Бірақ, әр кезеңнің өз міндеттері бар. Соған сай мәселелер шешіліп жатады ғой.

- Сізді көпшілік зиялы қауым өкілі ретінде таниды. Ұлт туралы, ұлттық құндылықтар туралы жиі мәселе көтересіз...

- Біз өзіміздің қазақ атымызды сақтап қалу үшін, қазақтың абыройын жаңа биіктерге көтеру үшін ең басты тірегіміз - ұлттық құндылықтарымызға арқа сүйеуіміз керек. Елбасының «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» деген мақаласы, одан кейін «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақалалары меніңше, осындай ойдан туған. Өткен тарихымызды білмесек, жүріп өткен жолымызды, кешегі бабаларымыздың ерліктерін білмесек, тамырымызды үзіп аламыз. Қазіргі ғаламдастыру заманының ұлтқа тигізіп жатқан кері әсері баршылық. Біздің жастар шетелдің болмашы жылтырағына қызығып, өзінің ұлттық құндылықтарын ұмытып жатыр. Мінез-құлық өзгеріп, адамгершілік қасиеттерден айрылып қалып жатырмыз. Алысқа бармай отбасындағы жағдайды алайық. Әңгіме-дүкен құрып шай ішуден қалдық. Әлеуметтік желі деген бәле шықты, бәрінің қолында телефон, соған байланып қалған. Жалпы, қазақ деген ерекше халық қой, жүріс-тұрысында, салт-дәстүрінде ешкімге ұқсамайтын өзгешелік бар, соның бәрін сақтауымыз керек. Ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар мәселесін жиі көтерем, өйткені жүрегім сезеді, сол байлығымыздан алыстап бара жатырмыз. Ұрпақ алмасып жатады ғой, аға буын кетеді, орнына қазіргі жастар келеді. Ал олар мол мұраны өздерінен кейін қалдыра ала ма?!

- Петропавлға Қызылжар атауын қайтару мәселесін биік мінберден көтергендердің бірісіз. Сол кезде бұл бастамаңыз біраз талқыланды...

- Қызылжар атауы неге керек? Қызылжар - қаланың байырғы атауы. Оған қатысты тарихи деректер бар, Парламентте осы мәселені көтергенде оның бәрін келтіріп айтқанмын. «Мылтықсыз майдан» деген шағын кітабымда да бұл жайында толық жазылды. Тәуелсіз елдің топонимикасы тәуелсіз болуы керек. Бізде жер-су атаулары кездейсоқ шықпаған, ол белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты, құбылыстарға байланысты туындаған. Сондықтан ол бір жағынан тарихымызды түгендеу болып шығады. Қазір облыстың қай түкпіріне бармаңыз, елдімекен атауы сол баяғы кеңес заманындағыдай тұр. Көшелердің атаулары сол қалпы, бірен-сараны ғана өзгерді, ол теңізге құйған тамшыдай ғана. Бұл не үшін керек? Бұл бізге рухымызды көтеру үшін керек. Елдің, жердің иесі екенімізді сезіну үшін қажет.

- Облыста әлі күнге дейін Ленин, Чапаев сияқты атаудағы елдімекендер бар...

- Менің есімде елордаға алғаш барғанда бір күнде 300 көшенің атын өзгертті. Бір күнде сондай шешім қабылданды. Одан ешкім көшеге шыққан жоқ, ешкім көшіп кеткен жоқ. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда, оның алдында Батыс Қазақстан облысында елдімекен атаулары өзгертілді. Бізге де солай әрекет ету керек.

Петропавлға тиіп тұрған Чапаев ауылының атын өзгерту туралы мәселе талай көтерілді, соны өзгерте алмады. Мен өзім облыстық ономастикалық комиссияның мүшесімін. Өзгерткенде де бір бейтарап аттарды қойып жатыр. Мысалы, Шұғыла, Толқын - еш мағынасы жоқ. Мысалы осы Қызылжардың өзінде неге Міржақып Дулатовтың көшесі жоқ? Неге Смағұл Сәдуақасовтың көшесі жоқ? Міржақып Дулатов осында қызмет еткен. «Оян, қазақ» деген еңбегін жазғаннан кейін қуғындалып жүргенде осы Қызылжарды паналап, осында Мағжан Жұмабаевпен кездескен. Мағжанды қамқорлығына алып, оған орыс тілін үйретіп, оның өлеңдерін оқып, бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға түсуіне себепкер болған. Осындай көп адамдар бар, елге, халыққа еңбегі сіңген.

- Сіз мағжантанушысыз. Республикалық «Мағжан» журналының бас редакторы Осыдан 3-4 жыл бұрын сұхбатыңыздың бірінде Мағжан туралы энциклопедияның әзірленіп жатқанын айттыңыз. Ол жұмыстар аяқталды ма?

- Мағжан туралы жас кезімде бірнеше рет естіп, бірақ соған аса мән бермеп едім. Қызық жағдай, қалаға келіп тұрғанда біз жалдап тұрған пәтердің иесі Мағжанмен Омбыда бірге оқыған екен. Соны естіп-білгеннен кейін одан ақын туралы сұрағаныммен, мардымды жауап алмадым. Кейін газетте қызмет етіп жүргенде менің тікелей бастығым Мұқаметқали Нұрғожин деген кісінің Мағжан педучилищеде сабақ бергенде, сол кісінің алдынан өткен білдім. Бірақ ол кісі де қысқа қайырып, ештеңе айтпайтын. Кейін маған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үлкен лауазымды қызметкері Мағжан ақталғаннан кейін ісін қолыма тигізді, «сіздің жазғандарыңызды оқып жүремін, мынаны көріңізші, осыдан бірдеңе шығаруға болады» деп. Сөйтіп, сол кезден бастап жаза бастадым.

Мағжанның шын бағасын бере алмай келеміз. Мағжан аспандағы ай, көктегі күн сияқты дара құбылыс. Мағжан туралы айтылғаннан айтылмаған нәрсе көп. Өз үлесімді қосайын деп Мағжанға арнап бірнеше кітап шығардым. «Мағжан» журналын 10 жылдан артық шығарып келе жатырмыз. Сол жұмыстарды қорытындылайын деп Мағжан энциклопедиясын шығару туралы ой келген. Оны ақынның 125 жылдық тойында оқырмандардың қолына тигіздік. Басылым 1 мың данамен тарады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жоғары қарай