Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Махмұт Қасымбеков: Әлеуметтік бағыттағы мемлекет - Елбасының басшылығымен қол жеткізген басты жетістігіміз

2019 жылдың 27 наурыз 2019 17:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік бағыттағы мемлекет - тәуел­сіз Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақаласында айтылған.

«Биліктің болмысын заманауи тұрғыда түсінудің өзі оның қоғам мен адамдарға бағытталғанын білдіреді. Тұңғыш Президентіміз адамның, оның білімі мен қабілеті еліміздің басты капиталы әрі құндылығы екенін үнемі айтып келеді. Қабылданған барлық бағдарламалар мен құжаттар, шын мәнінде, үйлесімді түрде дамыған тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Тек әлеуметтік бағыттағы мемлекет жоғары тұрмыс сапасын және адами капиталдың толықтай жүзеге асуын қамтамасыз ете алады. Сонымен бірге нарық жағдайында қоғамдағы масылдық пен патернализм белгілерінен арылып, әлеуметтік басымдықтарды белгілеу ісінде ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет», - дейді М.Қасымбеков.

Оның атап өтуінше, еліміздің әлеуметтік саясаты осы қағи­даттарды басшылыққа алу арқылы қалып­тасты. Оның негізгі басымдықтары - сапалы медицина және білім беру саласы, өнімді жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларын­да жүргізілген реформалар осыған қол жет­кізуге мүмкіндік берді.

«2000-жылдардың басында денсаулық сақтау саласы реформаланды. Бұл меди­цина­дағы басқарудың жаңа үлгісін қалып­тас­тыруға жол ашып, мемлекеттік емес сек­тор­дың дамуын қамтамасыз етті, сондай-ақ озық емдеу орталықтарын салуға мүмкіндік берді.

Осы саланы одан әрі жетілдіру мақсаты­мен бірқатар бағдарламалық құжаттар мен заңдар қабылданды, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды.

Денсаулық сақтау саласы тұтастай жаң­ғырып, инфрақұрылымы жаңартылды, ме­ди­циналық қызмет көрсету мен басқару­­дың әлемдік стандарттары енгізілді, заманауи меди­цина мамандары даярланды.

Денсаулық сақтау ісіне бөлінген қаражат мөлшері 1991 жылы 6 миллион теңгені құра­са, 2017 жылы 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл жылдары Қазақстанда 219 аурухана, 1200-ге жуық емхана, амбулаториялар мен медицина орталықтары салынды.

Жаңа медициналық сервистік қызметтер, соның ішінде скрининг бағдарламасы, кар­диологиялық қызмет көрсету жүйесі пайда болды. Еліміздің бүкіл өңірінде өз мамандарымыз зерттеулер жүргізіп, жоғары технологиялы отаның барлық түрін жасап келеді. Қазақстан озық медициналық кластер қалыптастырып, халықаралық медициналық туризмнің орталығына айналды.

Ең бастысы, тұрғындар денсаулығының көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Мәселен, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жас болса, 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты­ның жетістігі демографиялық көрсеткіштің артуынан байқалады. Жыл сайын елімізде шамамен 400 мың бала өмірге келеді. Ана өлімінің деңгейі 5 есе, сәбилердің шетінеуі 3 есе азайды.

Тұңғыш Президентіміз бұл саланы үнемі назарда ұстағандықтан бүгінде елімізде ден­саулық сақтаудың тиімді әрі сапалы жүйесі қалыптасты», - дейді ол.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесі басшысының айтуынша, медицинамен қатар білім беру саласы мем­лекеттің әлеуметтік саясатының маңыз­ды құрамдас бөлігі саналады.

«Шығыста «Білім - ең қымбат қазына. Өйткені оны ұр­лап кету, жоғалтып алу, жойып жіберу мүм­кін емес» деген қанатты сөз бар. Қа­зір­­гі таңда оның құндылығы еселеніп артып отыр. Білім деңгейі барша елдер мен кон­ти­нент­тердің нақты даму индикаторы саналып, олар­дың ілгерілеуі мен жаһандық бәсекеге қабі­лет­ті­лігінің перспективасын айқындайды.

Қазақстанда білім беру саласындағы рефор­­малар оқытудың әлемдік стандарт­тарын енгізуге, мемлекеттік емес білім беру сек­торын қалыптастыруға, қажетті ма­ман­дарды мақсатты түрде даярлауға, ақ­­па­рат­тық технологиялар мен электронды оқыту үде­рісінің элементтерін енгізуге бағыт­тал­ған. Бірыңғай ұлттық тестілеудің енгізілуі бар­лық мектеп түлектері үшін жоғары оқу орын­дарына түсу кезінде тең мүмкіндікке ие болуына және оның ашық болуына жағдай туғызды. Қазақстан 2010 жылы білім саласында Болонья декларация­сына қосылды. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарында халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған үш сатылы «бакалавриат - магистратура - докторантура» моделі енгізілді.

Білім саласының инфрақұрылымдық базасы түбегейлі жақсарды. Тәуелсіздік жылдары білім саласында 2837 нысан бой көтерді, соның ішінде 888 балабақша және 1949 мектеп салынды.

Елбасы егемендіктің алғашқы жыл­дарында-ақ еліміздің мамандарын білім берудің халықаралық стандарттары бойынша даярлаудың маңыздылығына баса мән берді. «Болашақ» бағдарламасы маңызды жетістіктердің біріне айналды. Соның аясында 1993 жылдан бері 13 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды.

Назарбаев Университетті және Зияткер­лік мектептердің желісін құру бәсекеге қабі­летті заманауи білім беру жүйесін қалыптас­ты­рып, «білім экономикасы» үшін мамандар даяр­лау ісіндегі тағы бір қадам болды. Соны­мен бірге техника саласы бойынша кадр­лар даярлау жүйесін жетілдіру шаралары қабылданды», - дейді автор.

Мақалада атап өтілгендей, бұл жұмыстардың барлығы елімізді дамыту­дың стратегиялық міндеттерін шешуге ар­нал­ған маңызды зияткерлік ресурсты қалып­тас­тырды. Тәуелсіздік жылдары жо­ғары білім­ді 2,8 миллион маман әзірленді. 1991 жылы жалпы 40 мыңнан астам адам жоға­ры білім алса, 2018 жылы олардың саны 150 мыңнан асты.

«1997 жылғы зейнетақы реформасы әлеуметтік қамсыздандыру саласының заманауи жүйесін құру ісіндегі маңызды шешім болды. Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып зейнетақының бөліп-тарату жүйесінен жинақтаушы жүйесіне көшті.

Әлеуметтік қамсыздандырудың үш дең­гейлі жүйесін енгізу атаулы әлеумет­тік саясатты күшейтуге септігін тигізді. Эко­номи­каның одан әрі дамуы бюджет сала­сындағы жұ­мысшылардың жалақысын көбейтуге, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, он жыл ішінде, яғни 2005 жылдан 2015 жылға дейін, әлеуметтік салаға жұмсалған қаржы үш есе өсті. 1,5 миллионнан астам азаматымыз тұрақты түрде жәрдемақы мен төлемдер алды. Қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, табысын арттыруға бағытталған шаралардың жаңа кешенін жүзеге асыру үшін қосымша 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.

Демек Қазақстан осы жылдар ішінде әлеуметтік саясатын бірте-бірте күшейтіп, бұл салаға тартылған инвестиция көлемін арттыра түсті. 2006 - 2016 жылдар аралы­ғында жүргізілген ауқымды баспана салу жұмыстарының нәтижесінде еліміздің тұр­ғын үй қоры 86,5 миллион шаршы метрге артты. 628 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 1,8 миллион адам жаңа пәтерге қоныстанды. Бір адамға шаққандағы тұрғын жаймен қамту көлемі 1,5 есе көбейіп, 14,4 шаршы метрден 21,8 шаршы метрге жетті.

Егер 1991 жылы еліміздегі әрбір алтыншы отбасының ғана автокөлік алуға жағдайы болса, 2017 жылы әрбір екінші шаңырақ жеке көлік алуға қол жеткізді.

БҰҰ-ның бағалауы бойынша, бүгінде Қазақстан адами әлеуеті жоғары елдер тобына кіреді. Бұл Тұңғыш Президентіміз жүргізген әлеуметтік саясаттың табысты болғанын айғақтайды», - дейді ол.

Жоғары қарай