Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Мамандығыңа лайықты болу үшін іздену керек - ұлағатты ұстаз Қалжан Омарбаева

2019 жылдың 8 наурыз 2019 20:52 1016

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Қоғамда өзінің сүйікті ісіне ғұмыр бойы адал жандар аз емес. Оларға заманның аумалы-төкпелі болуы, болмаса қызмет барысында бетпе-бет келетін қиындықтардың өзі кедергі емес. Бұл өзі қалаған мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасы.

Кәсібін нәсіп қана емес, өмірінің мәні деп білетіндердің бірі - семейлік Қалжан Төкенқызы Омарбаева. 28 жылдық еңбек өтілінде тек қана ұстаздық жолда келе жатқан ол Қазақстанның жарқын болашағына баланатын білімді жастарды тәрбиелеу басты мақсатым деп біледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерке Ертістің жағасындағы шағын ауылда Төкен мен Бәтиманың шаңырағында 8-ші болып дүниеге келген Қалжанның болашағынан зор үміт күттірген бала болып өскен. Отбасының тірегі әкесінің ерекше жақсы көретін балаларының бірі болған оның есімінің қойылуында да бір тарих бар.

«Әкем Абайдың талантты шәкірттерінің бірі әйгілі Көкбай Жанатайұлының жиені. Ақынның Қалжан деген тұңғыш қызынан туған. Әжеміз жастайынан өзі ерке, өзі өжет, өзі ақынжанды болған екен. Тіптен тарихта «Қалжан қыздың әкесін жоқтауы» деген жоқтау да кездеседі. Әкесі дүние салғанда ауыл арасы шалғай Балтарақ пен Тақырдың арасында 40 ауыз жоқтау айтып барған деседі. Міне осындай өнері бар әжемнің аты ұмытылмасын деді ме әкем менің есімімді сол кісінің құрметіне қойыпты», -дейді Қалжан Омарбаева.  



Әке ақылы мен ана тәлімін аяқасты етпей ұстаздық мамандықты таңдаған Қалжан Төкенқызы алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған. Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка елді мекеніндегі білім ошағында орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріп, өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілде сауатын ашқан. Табысты еңбегінің арқасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін қызметі өскен.

«Алғашқы жоғары білімді Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында алдым. 4 жыл музыка мамандығын меңгеріп, баянды еркін тарта алатын дәрежеге жеттім. Музыкаға деген қызығушылығымды тудырған әкем болатын. Ол кісі жас күнінде консерваторияда оқып жүргенінде соғыс басталып кетіпті де, ел қатарлы майданға аттанған екен. Оқуын толық аяқтай алмаса да, фортепиано, үрмелі аспаптарда керемет ойнайтын. Бірақ бәрібір де мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу ісі мені қатты қызықтырды. Мен сол жолды таңдадым» - дейді Қалжан Төкенқызы.

20 жылға жуық ауыл мектебінде табысты еңбек ете келіп, тәжірибесі толысқан шағында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысады. Мектептің кәсіби бағдарлау кеңесшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы болып еңбек ете жүріп, зияткер оқушыларды ғана емес ұстаздық жолын енді бастаған жас мамандарға да қажетті ақыл-кеңесін аяған емес.



Бүгінде мектеп жатақханасының меңгерушісі болып қызмет жасайтын Қалжан Төкенқызы ұжымда абыройлы әріптес, шәкірттері үшін білікті ұстаз.

«Жатақхана жұмысы өз алдына бір әлем. Мектебімізге білім алуға келген 120 оқушының оқу маусымы кезіндегі тұрағы бізде. Сабақтан тыс уақытта олардың қауіпсіздігі, денсаулығы, оқу үлгерімі, өз қызығушылығы бойынша түрлі үйірмелерге қатынасуы, жеке басының дамуы, тамақтануы, тіптен уақытымен дем алуына дейін біздің бақылауымызда. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол үшін жатақхана тәрбиешілері соған лайықты болу үшін әркез іздену үстінде жүреміз»,-дейді ұстаз.

 

 

 

 

 

Жоғары қарай