Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 408.61
EUR 454.09
RUB 5.86
CNY 57.28

МӘМС: Сақтандыру қорымен келісімшарты бар мекемелерге стикерлер ілінуде

2020 жылдың 15 ақпан 2020 09:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы медициналық ұйымдарда QR-коды бар ақпараттық стикерлер пайда болды. Бұл стикерлер не үшін керектігін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпараттық стикерлер медициналық ұйымдардың көрнекті жерлеріне ілінуде. Онда байланыс орталығының «1406» нөмірі көрсетілген. Көрсетілген нөмірге хабарласып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) қатысты кез келген сауалға жауап алуға болады. Сондай-ақ стикерде QR-код орналастырылған. Оны сканерлеу арқылы МӘМС жайында қажетті ақпарат алу үшін қордың ресми сайтына өтуге, Telegram-бот және WhatsApp нөмірмен байланысуға болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емханада болып, арнайы ақпараттық стикерді өзі ілді. Кейін мұндай стикерлер тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін қормен келісімшартқа отырған қаладағы барлық емдеу мекемелеріне орнатылды.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша медициналық қызмет жеткізушілер саны – 96. Олардың барлығы дерлік арнайы стикермен қамтамасыз етілді. Осындай ақпараттық стикер ілінген медициналық ұйымдар қормен келісімшартқа отырған мекемелер екенін білдіреді», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.

Елордалық емдеу мекемелері басшыларының сөзінше, МӘМС жүйесі іске қосылғаннан кейін пациенттер денсаулық сақтау саласында болып жатқан өзгерістер жайында көбірік білгісі келеді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары үшін түрлі ақпарат алу көздерінің болуы маңызды.

Осы күні ақпараттық стикерлер қормен келісімшарт жасаған Қазақстанның барлық өңіріндегі медициналық ұйымдарға орналастырылып жатыр.

Еске салайық, 2020 жылдың 1 қаңтарынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. 31 наурызға дейін елордамыздың барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі (әзірге сақтандырылмаса да) және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады. Яғни, осы аралықта сақтандырылмаған пациенттер медициналық сақтандыру жүйесінің ерекшеліктеріне мән беріп, өздерін осы жүйеге сәйкестендіріп, тіркелуі тиіс. Ақпараттық стикерлер осы секілді МӘМС жүйесіне қатысты сауалдар туындағанда тез арада мамандармен хабарласып, жауап алуға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесін қор сайтынан біле алады.


Жоғары қарай