Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Маңғыстау облысында 346 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған

2019 жылдың 11 тамыз 2019 20:49

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 346 отбасына қаражат артығымен төленген. Әсіресе, Маңғыстау ауданындағы әрбір төртінші жанұяда табыс көлемі қате есептелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, облыс тұрғындарының 6%, яғни 7406 отбасы АӘК алушылар қатарында. Бұл - кедейшілік деңгейінен төмен өмір сүретіндер. Оның 5% қаражат артығымен төленгені анықталды.

«Әрбір төртінші әлеуметтік көмек дұрыс тағайындалмаған. 10 млн теңгеден астам қаражат адамдардың табысы дұрыс есептелмеуіне байланысты артық төленді. Әсіресе, Маңғыстау ауданында бұл жағдай жиі тіркеліп отыр», -дейді Қуаныш Берішбаев.

Басқарма басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмәмедованың сөзінше, мұндай қателікке негізінен ақпараттық жүйе себеп болған. Кейбір отбасылар ай сайын жалақыдан түсетін зейнетақы жарнасын көрсетпеген. Яғни, кешігіп түскендер, «зейнетақы жарнасы жоқ» деп білгілеген. Осылайша, ақпараттық портал мұны көрмеген.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік заңда өтініш беруші өзі жауап береді, зейнатақы жарнасы кеш түссе де, ол адам наурыз айында жалақыны алды ғой, жасырып, жалақы алмағандай, табысы болмағандай, заңсыз алып кетті. Осы заңның 7-бабы, 2-тармағында жалған мәлімет ұсынғаны үшін қаражат ерікті түрде, болмаса сот арқылы қайтаруға жатады. Министрлік арқылы жіті қадағалауға алынды. Қазір әрбір адамның табысын онлайн көруге мүмкіндік туды. Ал, енді көрінеу жалған ақпарат ұсынып, заңсыз қаражатты иемденген адамдардан оны заң жүзінде қайтарамыз», - деді Қарашаш Нұрмәмедова.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов аталған олқылықтарды 1 қыркүйекке дейін түзетуге тапсырма берді.

«Әрбір аудан, қала өздеріндегі комиссиялармен жұмыс жасауы тиіс. Әр үйді қарау қажет, көру керек. АӘК комиссия ұсынысымен ғана тағайындалады. Әр аудан, ауыл үшін қиын емес», - деді ол.


Жоғары қарай