Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Маңғыстауда 25 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

2020 жылдың 12 қаңтар 2020 21:16

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Былтыр Маңғыстауда арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны 16 мың 690 адам болса, қазіргі уақытта 24 мың 445-ке жетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары биылдан бастап енгізілген мемлекеттік әлеуметтік көмектің үш түрін айтып берді. Олар:

- төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы;

- жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК);

- және аз қамтылған отбасы (1-18 жас аралығындағы) балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек деп белгіленген.

«Маңғыстау облысы бойынша 2020 жылы 25 мыңнан астам көпбалалы отбасыға жаңа тағайындалған жәрдемақы алатын болады. Ол үшін республика және жергілікті бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінген. Бүгінде мемлекет қолдауына 24 мың 445 жанұя ие болып отыр. Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға төленетін мемлекеттік қолдау тетігі болып табылады. Бұл ретте, мемлекетімізде кедейшілік шегі күнкөріс деңгейінің 70 процент деңгейінде белгіленеді. Осы жылдың 1 қаңтарында Маңғыстау облысы бойынша күнкөріс деңгейі 36 мың 560 теңге деп көрсетілген. Сәйкесінше, кедейшілік шегі - 25 мың 592 теңгені құрайды», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев.

Мысал ретінде айтсақ, кәмелетке толмаған үш баласы бар, жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 10 мың теңгені құрайтын отбасының әр мүшесіне айына 15 мың 592 теңге әлеуметтік көмек тиісті. Егер отбасында бес адам болған жағдайда айына 78 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалады. Бұдан басқа кәмелет жасқа толмаған үш балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі.

«Маңызды бір мәселе: АӘК жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана төленеді. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан жағдайда отбасының барлығына атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады» - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев.


Жоғары қарай