Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Маңғыстауда экологиялық талаптарды бұзған компанияның үстінен 6 іс қозғалды

2019 жылдың 4 наурыз 2019 20:51 802

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экологтар Маңғыстау облысындағы «Экотерра» ЖШС-нің шаруашылық қызметіне экологиялық заңнама талаптарының сақталуы мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоспардан тыс тексеріс жұмыстарына ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің тапсырмалары, сондай-ақ «Эко Маңғыстау» ҮЕМ-ның өтініші себеп болған.

«Инспекциялық тексеру нәтижесі «Экотерра» ЖШС тарапынан өрескел экологиялық бұзушылықтарды көрсетті. 2016 жылы берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Жетібай кен орны ауданында және бұрғылау қалдықтарын қайта өңдеу полигонында құрамында мұнай бар қалдықтарды қабылдау үшін 5 бірлік карта, қабылданған қалдықтарды кәдеге жарату үшін бірнеше қондырғылар мен жабдықтар, басқа да қосалқы техника мен технологиялар салу қарастырылған. Алайда «Экотерра» ЖШС қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жоғарыда көрсетілген жобада көзделген осы нысандарды тұрғызбаған», - деп хабарлайды Энергетика министрлігінен.

Тексеруді жүзеге асыру барысында 24 300 м2 алаңда немесе 9 720 м3 көлемінде қауіпті қалдықтарды заңсыз сақтау фактісі анықталған. Оның жартысынан астамы тікелей аумақта жерге көмілген.

«Алынған зертханалық сынамалар нәтижесі бойынша, сынамалар құрамында мұнай өнімдерінің елеулі үлесі анықталып, көрсеткіш жер ресурстары ластануының негізі болып табылады. Сонымен қатар, «Экотерра» ЖШС-де белгіленген үлгідегі қауіпті қалдықтарды есепке алу журналы жоқ болып шықты. Жүргізілген тексеру нәтижесінде Департамент қауіпті қалдықтар қозғалысының толық циклін белгілемеген. Сонымен қатар, тексеру барысында бірқатар экологиялық бұзушылықтар анықталды, атап айтқанда: қалдықтар полигонын жапқаннан кейін жою қорының, қоршаған ортаға эмиссиясыз полигонға кірме жолдың болмауы», - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, «Экотерра» ЖШС-нің басшысы тексеріс барысында департамент қызметкерлерінің заңды құқығын бұзып, заңмен тағайындалған міндеттерді орындамай, міндеттерді орындауға кедергі келтіріп, қажетті құжаттарды беруден бас тартқан. Алдын ала бірнеше рет ресми түрде хабарланса да, тексеріске қатысудан және тексеріске қатысуға жауапты тұлғаны бөлуден,  соның ішінде сынама алуға  негізсіз бас тартып, жоспарлы тексерісті жүзеге асыру барысында жалған мәлімет берген.

«Маңғыстау облысы бойынша экология департаментімен тексеріс нәтижесінде «Экотерра» ЖШС-гі тарапынан жіберілген, жоғарыда аталған барлық құқық бұзушылық фактілері бойынша 6 әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі уақытта қоршаған ортаға келтірілген нақты залал есептелуде», - деп хабарлайды министрліктен.

 

 

Жоғары қарай