Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Маңғыстауда ұсталған қылмыстық топтардың мүшелеріне қандай айып тағылуда

2019 жылдың 1 тамыз 2019 18:35

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында арнайы операция барысында ұсталған әртүрлі қылмыстық топтардың 9 мүшесіне адам өлтіру, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, бопсалау және тағы басқа баптар бойынша айып тағылуда, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«31 шілде күні Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу соты сотқа дейінгі тергеу органдары 9 тұлғаға қатысты белгілеген екі айға «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған болатын. Оның ішінде 6 тұлға ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы (Адам өлтiру), 2 тұлға ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 194-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы (Қорқытып алу), тағы 1 тұлға ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша күдік болып отыр», - деді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Ведомстводан мәлім еткендей, аталған тұлғаларға қатысты сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ және іске қатысушылар апелляциялық тәртіпте арыз түсіре алады.

Еске салсақ, 29 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Маңғыстау облысында қылмыстық топ мүшелерінің заңға қайшы іс-әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция өткізген болатын.

Нәтижесінде Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында бір мезгілде әртүрлі төрт қылмыстық топтан 17 адам ұсталды. Оның ішінде 8 адам сот шешімімен екі ай мерзімге қамауға алынды.

Қылмыстық топтардың мүшелерінен 3 тапанша, дыбысты бәсеңдететін 1 құрал, 8 шолақ аңшы қаруы, 1 «Сайга» карабині, ұсақ калибрлі 1 винтовка, 5 травматикалық тапанша, 218 дана оқ-дәрі, түрлі суық қарулар (пышақтар, кастеттер және т.б.) табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді.


Жоғары қарай