Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Мәскеу университеті түлектерінің көбі Қазақстанда жұмыс істейді

2019 жылдың 27 наурыз 2019 16:36

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда РФ Президенті В. Путиннің Қазақстанға сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің базасында жұмыс жасауда. Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР Үкімет мен РФ Үкіметі арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды.

«Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді. Онда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. Бірінші және екінші курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытылады» - деді ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Қазақстан филиалының қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда, мүлік Қазақстанға қайтарылады.

«Жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент, 40 магистрантты құрайды. Бүгінде филиалда 605 студент білім алады. Филиал жеке заңды тұлға болып есептелмейді, сондықтан Мәскеу унверситетінің лицензиялары мен аккредитациясы негізінде жұмыс істейді. Осыған байланысты келісімде филиалдың білім беру және қаржы-шаруашылық қызметін бақылау үшін ведомстволық комиссиясы көзделген. Филиал қызметі 3 жылда бір рет тексеріледі, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында белгіленген өзге де тексерулер өткізуге болады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, келісімнің 12-ші бабына сәйкес, хаттама арқылы осы келісімге өзгерістер енгізу мүмкіндігі бар және бұл өзгерістер құжаттың ажырамас бөлігі болады.

«Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. 390 профессор мен оқытушының 130-ы бас университеттен тартылады. 14 жыл ішінде 1 725 маман даярланып шықты. Мониторинг нәтижелеріне қарағанда, соңғы 5 жылда түлектердің 93 пайызы Қазақстанда жұмысқа орналасты. Қазақстан заңнамасына сәйкес, филиал түлектерінің міндетті түрде жұмыс өтеу қажеттігі келісімде бекітілген», - деді Күләш Шәмшидинова.

Жоғары қарай