Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Май салынған қарын Наурыз көжеге ерекше дәм береді - Зере әжей

2019 жылдың 23 наурыз 2019 11:09

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Наурыз көже -Ұлыс ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Бұл тағамның жеті түрлі дәмнен әзірленетінін бәріміз жақсы білеміз. Алайда, көжені еліміздің әр өңірінде әркім әрқалай пісіреді. Осыны алға тартып, ҚазАқпарат тілшісі мереке қарсаңында көпті көрген, тірліктегі тәжірибесі мол көкшетаулық Зере Еспайқызын сөзге тартып, Көкше жерінде Наурыз көжені дайындау әдісімен бөлісуін өтінді.

Басынан ақ жаулығы түспейтін, сөзінен парасат пайымы сезілетін, иманы жүзінен мейірім боп төгілетін Зере Қиықова апамыздың есімі елге етене таныс. Осы күні Зере апа Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесін басқарып келеді.

Зере апаның айтуынша, дәмге қосатын дәнді дақылдарды да әркім өз қалауымен салады: бірі бидай, бірі арпа салып жатса, енді біреулер жүгері, күріш, қарақұмық қосады, әйтеуір талғамымен таңдандырып, дәмді етіп әзірлейді. Кейбір аналарымыз құртты езіп, малта салса, енді бірі айран, қатық құяды. Сондықтан болар, әр өңірдің әр үйдің Наурыз көжесі бір-біріне ұқсамайды.

"Мен ата-әжемнің бауырында өскен едім. Содан болар, қазақы тәрбие қаныма сіңген. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» дегенді үлкендерден жиі еститінмін. Мен көжені пісіруді әжемнен үйренгем. Біздің Аналар кеңесі жыл сайын Ұлыстың ұлы күні Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен бірлесіп, Наурыз көже қайнатып, оны мереке-думанды тойлауға орталыққа жиналған қауымға үлестіріп келеді. Негізі, құрамына жеті өнімнен де көп тағам қосуға болады. Алдымен сүр етті пісіреміз. Басқа ыдысқа сорпаға қосатын жармаларды бөлек-бөлек пісіріп аламыз. Жармалардың әртүрінен қосамыз. Мысалы күріш, тары, арпа, қарақұмық, кейде бұршақ та қосамыз. Содан кейін сүр етті, өрікті ұсақтап турап, мейіз бен жармаларды бірге барлығын ет піскен сорпаға құртты езіп араластырамыз. Көже дайын болғаннан кейін қаймақ қосамыз. Жалпы, әрбір адамның өзіндік дайындау тәсілі болады. Өз білгеніммен бөлісіп жатырмын. Ондағы ойым өскелең ұрпақ ой түйсін, үйренсін дегенім ғой", - дейді апа.



null

Сонымен қатар, Зере Еспайқызы өңірде кейбір көне көз қариялардың май сақтаған қарынды тазалап жуып, көженің түбіне салатынын да айтуда. Мұндай Наурыз көже өте дәмді болатын көрінеді.

"Бұл - ежелден келе жатқан көне әдіс. Қарынға тұз әбден сіңгендіктен де көжеге ерекше дәм береді", - дейді Зере Қиықова.

Жоғары қарай