Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Мәжіліс Қазақстан мен Бразилия арасындағы құқықтық көмек құжатын мақұлдады

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 12:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан мен Бразилия арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шартқа 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды. Бұл халықаралық құжатқа екі ел арасында қылмыстық сала бойынша құқықтық көмектің негіздері, тәртібі және басқа да қадамдар көзделген. Шартта күдікті мен айыпталушының кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізу жолдары, өзара құқықтық көмек көрсету тәртібі мен жағдайлары, тиісті сараптамалар жүргізу, айғақтар алу мен беттестіру жүргізу, қылмыстық активтерге тыйым салу және оларды елге қайтару ескерілген.

«Көмек көрсетуден бас тарту негіздері бекітілген. Жалпы, үлгілі негізде жасалған. Мұндай шарт 29 елмен бекітілді, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Болгария бар. Сонымен қатар басқа да мемлекеттермен аталған шартқа қол қоюды қарастырып жатырмыз», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай , жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан мен Бразилия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Шарт іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселелерін шешеді.

«Егер адам Қазақстанда қылмыс жасап, Бразилияда жасырынып жүрсе, ол қамауға алынады және Қазақстанға ұстап беріледі. Дәл осылайша қылмыскер елімізде жасырынып жүрсе, біз Бразиялия тарапына адамды экстрадициялауға міндетті боламыз. Құжатта ұстап беру және одан бас тарту негіздері бекітілген», - деді М. Ахметжанов.


Жоғары қарай