Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Мемлекет басшысының үш тапсырмасы да мерзімінен бұрын орындалды - Руслан Рүстемов

2017 жылдың 31 қазан 2017 16:30

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымдық білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер құрылысын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы Қызылорда облысында мерзімінен бұрын толықтай орындалды. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов журналистермен кездесу барысында айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте хабарлама жасаған Р. Рүстемов: «Төрт жыл бұрын апатты мектептер саны 37 болса, орта білім беру саласында ішкі резертердің есебінен апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі биыл толығымен шешілді. Бүгінде балабақшалардың 71 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жасауда. Соңғы 4 жылда мұндай балабақшалар саны екі есеге артты. Осылайша, біз бюджетке ауыртпашылықты жеңілдетудеміз. Ағымдағы жылы мектеп бітірген түлектеріміздің 97 пайызы жоғары және арнайы орта оқу орындарына түсті. Айта кету керек, ресейлік жетекші техникалық жоғары оқу орындары 2014 жылдан бастап Ресей Үкіметінің гранты есебінен Қызылорда өңірінің түлектері арасынан IT-мамандар, металлургтер, технологтар, химиктер және басқа да мамандар, әсіресе, инженер мамандар (бізге қазір өте қажет) әзірлеу туралы ұсынысымызды қабылдады. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында біздің 452 түлегіміз грант негізінде білім алуда. 2013 жылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, талапты ауылдық жерлердің балаларына аймаққа қажетті мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орындарында оқу үшін әкім гранты тағайындалған. Бүгінде 694 бала грант иегері болып отыр. Сонымен қатар, өңіріміз жыл сайын «Серпiн» бағдарламасы бойынша грант алу конкурстарында ең үздік нәтижелер көрсетуде. Бұл бағдарлама аясында бүгінде 4 мың жас оқып жатыр. Келешекте олар тәуелсіз еліміздің нығаюына өз үлестерін қосады.

Елімізде жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, қажетті мамандықтарды игеруіне, өз арман мақсаттарын жүзеге асыруына бар мүмкіндіктер жасалуда. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы халқының 26,7 пайызын жастар құрайды, оның ішінде ауыл жастары 58,7 пайыз (118 186 жас). Бұл ретте, 2021 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясатының «Жол картасы» қабылданып, мемлекеттік жастар саясатының қаржыландыру деңгейі бойынша республикада төртінші орындамыз. Биылғы жылдан бастап барлық ауданда және Қызылорда қаласында жастар ресурстық орталықтары құрылып, жастарға қызмет көрсетуде. Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНИСЕФ) Балалар қорымен бірлесіп орталықтың жастармен жұмыс жасауының жаңа моделі қалыптастырылды. Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында демеушілердің есебінен салынып жатқан «Жастарға қызмет көрсету орталығы» 2018 жылы «бір терезе» қағидатының талаптары негізінде, жастарға бір орыннан коворкинг қызметтерін және барлық қолдауларды шоғырландыратын болады.

Есепті кезеңде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 10 000 мыңға жуық жас қатысса, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 182 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы, 348 маманға жеңілдетілген тұрғын үйге несие берілді.

Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші - ол жастар арасында тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Биыл дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,5 пайызға көтеріліп, 203 594 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн. теңге бөлініп, 270 спорт нұсқаушысы 133 елді мекенді қамтып, 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылға қарай спортпен тұрақты шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізу жоспарланған. Ол үшін спорт нысандарын көбейтуіміз керек»,-деді ол.

Мұнан әрі: «Ағымдағы жылы «Денсаулық» бағдарламасын орындау аясында медициналық ұйымдардың медициналық техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,19% -дан 73,4% -ға дейін өсті. Соңғы 2 жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ауысымына 250 келушіге арналған Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандық орталық аурухана ғимараттары, 200 төсек орындық облыстық балалар ауруханасы және 30 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік акушерлік бекеттер салынып, қолдануға берілді. Ағымдағы жылы Арал аудандық ауруханасының құрылысы басталды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 400 келушіге арналған №2 қалалық емхана, сонымен қоса 4 дәрігерлік амбулатория 2017 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Аймағымыздың тарихи-мәдени нысандардың бірі Қорқыт ата кешені Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандар тізбесіне еніп, Қызылорда облысын әлемге танытқаны белгілі. Қорқыт Ата кешеніне және оның маңынан ашылған этноауылға республика өңірлерінен ғана емес, Ресей, Голландия, Франция, Германия, Жапония, Польша сияқты шет мемлекеттерден де туристер келіп, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүртеріне тереңірек қанықты. Мұнда 13 мыңнан астам қонақтар келіп, қазақ халқының салт-дәстүрімен қатар, Қорқыт Ата туралы мәліметтер алды. Сөйтіп Қызылорда облысын, Сыр елін, қазақ халқын шет мемлекеттерге жария етті. Үстіміздегі жылдың 10-14 тамызы аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет күндері өткізілді. Қызылорда облысының күндері аясында ұйымдастырылған мерекелік шараларға Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.

Аймақтың мәдениетін одан әрі жандандыру үшін 2017 жылы 6 мәдениет нысанына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтардың ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Электронды архив», «Электронды кітапхана», «Виртуалды музей» ақпараттық жүйелері енгізілді. Облыстық музей қорындағы құнды да көне жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында «Бір жәдігер» жобасы «Қазақстан - Қызылорда» телеарнасымен бірлесіп жүзеге асуда. Қазіргі таңда әр апта сайын музей қорындағы құнды жәдігерлер, олардың тарихы «Бір жәдігер» айдары арқылы көрсетіліп отырады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өңірлік офис құрылып, жұмыс жасауда. Осы уақытқа дейін барлығы 82 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 460 123 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ең алдымен Бағдарламаның ішіндегі бүгінгі күні қоғамда кеңінен талқыланып жатқан «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы» Қазасқтан Республикасы Президентінің Жарлығы бекітілді. Латын графикасына кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету ісіне ұжымдар қолдау білдіруде. Латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша бұған дейін облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, аймақ тұрғындары арасында барлық елді мекенде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, өңірімізде тіл саясатын кеңінен насихаттау мақсатында «Тілі бірдің - тілегі бір» атты облыстық жастар форумы ұйымдастырылды. Рухани жаңғыру бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша өңірімізде 28 жоба жүзеге асырылуда.

Ағымдағы жылғы 10-11 қараша күндері «Қызылорда: Білім. Болашақ. Жаңғыру» тақырыбында дәстүрлі облыс жастарының форумын өткізу жоспарлануда. «Қазақстанның рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары аясында ежелгі Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары сәтті жүргізіліп, Қазақстанның киелі жерлерінің картасына республикалық маңызы бар 12 ескерткіш енгізілді»,-деп қорытты сөзін облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемов.

Жоғары қарай