Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Мемлекеттік қызмет көрсетуде заңсыздыққа жол берген 24 әкім жазаланды

2019 жылдың 23 ақпан 2019 13:56

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мемлекеттік қызмет алу кезінде құқығы бұзылғаны туралы 1 446 шағым келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Негізінен міндеттемелерін лайықты деңгейде орындамаған, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан және стандарттар мен регламенттерді сақтамаған мемлекеттік органдардың үстінен шағым түскен. Мәселен, «Жайна» ЖШС шағымы бойынша жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын алуға қатысты инвестициялық салым бойынша субсидия беруден негізсіз бас тарту фактісі анықталды. Инвестордың өтініші бойынша аймақтық комиссияның шешімі шыққан. Ол шешім бойынша бас тартуға материалдар мен нысандардың талапқа сай келмейтіні себеп болғаны жазылған. Алайда мән-жайды анықтау үшін мамандар тартылмаған», - деп хабарланды агенттіктің баспасөз қызметінен.

Ақыры, бұл іске агенттік араласып, өтініш берушіге 13,2 млн теңге көлемінде субсидия беріліп, осының арқасында «Жайна» ЖШС өндірісін ұлғайтып, ет нарығына шыққан.

«Сол секілді Қостанай облысындағы лауазымды басшылар А.А.Машкоға жер учаскесін беруден негізсіз бас тартқан. Жоспардан тыс тексерудің нәтижесі бойынша, шағым берушінің уәжі расталған. Анықталғандай, А.А.Машконың өтініші 30 күннің ішінде қаралуы керек болғанымен, уақытында қаралмай қалған. Агенттік араласқаннан кейін ғана өтініш иесіне жер учаскесі берілді. Осындай олқылыққа жол бергендіктен, Қостанай қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.

Осындай фактілер өзге де аймақтарда тіркелген.

«Шағымдарды қарау кезінде мемлекеттік органдар мен ведомствоаралық ұйымдардың 253 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы агенттік ӘҚБтК 465-бабы бойынша 397 әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде 397 хаттама толтырып, 203 лауазымды қызметкер сотқа тартылды. Оларға 13,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Агенттіктің хабарлауынша, әкімшілік жауапкершілікке орталық мемлекеттік органдардың бөлімшелерінің 18 басшысы, 23 облыстық басқарма басшысы, 24 қала, аудан және ауылдық округ әкімі, қалалық және аудандық бөлімдердің 106 басшысы тартылған.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Әкім, Заң,
Жоғары қарай