Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 384.06
EUR 429.19
RUB 6.08
CNY 55.83

«Менің әкем» байқауы: Сахнаға шыққан әкелер көзіне жас алды

2019 жылдың 18 мамыр 2019 23:49 1308

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде отбасының тірегі - әкелер байқауы қорытындыланды. Байқауға 50-ден астам отағасы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр отбасындағы әкенің рөлін нақтылап, оның беделін көтеру бағытында жұмыс істеуіміз керек. Себебі қоғамда болып жатқан көп проблема әкеге тікелей қатысты. Балаға көңіл бөлмей, тәрбиені тек анасына жүктеу де қателік. Анасы отағасын қолдап, соңғы шешімді әкеге қалдыруды да ұмытпаған жөн», - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов.

Айта кетейік, Қазақстанда 4 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Оның 300-і отбасы істеріне, оның ішінде бала мен ананы қорғауға бағытталған.


null
«Бұл әлеуметтік жоба Ақтөбеде ғана қолға алынды. Сондықтан жоба аясын кеңейтіп, жыл бойы жұмыс істеуге шақырамыз. Отбасының тірегі, атақ-абыройы, айбары - әкенің рөлі қашанда бөлек. «Әке үлгісін көрмесе, ұл жарытып ас бермес» деген сөз бар. Бәрі өзімізге байланысты», - деді әділқазылар мүшесі Айшуақ Дәрменұлы.

Байқау кезінде Темір, Қарғалы, Алға аудандарының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетті. Сонымен қатар, ақтөбелік тілшілер де қолдау білдірді. 



null
«Көп бала тәрбиелеп, бәйтерекке айналған әкелеріміз бізге үлгі. Жастар материалдық жағын ойлап, өздеріне шектеу қояды. Ал 10-15 бала бағып, өсіріп, тәрбие берген әкелерді көргенде олар өз ойларын өзгертеді деген сенім бар», - деді жоба жетекшісі, журналист Жаңалық Ахаш.

«Батыр әке» номинациясында Есқуат Қошаманов пен Қайырхан Шамшин ерекше құрметке ие болды. Есқуат Қошаманов 12 бала тәрбиелеп отырған кезде жұбайы көз жұмған. Кейін қайта отау құрып, 15 баланы жетілдірді. Сахнаға шыққан батыр әке алғысын білдіріп, көзіне жас алды.

Ал «Қамқор әке» аталымында мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырғандар марапатталды. «Ханшайымдар әкесі» номинациясына әдеттегідей көп отбасы өтініш білдірген. Барлығы 22 отбасыға алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді. Бұдан бөлек, «Мұғалім ағай» мен «Мейірімді әке» номинацияларына қатысқан әр әкеге алғыс хат пен шипажайға жолдама берілді. 



null

 

 

Жоғары қарай