Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Мереке ме, келеке ме? - Өңірлік баспасөзге шолу

2019 жылдың 12 мамыр 2019 16:10 1971

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Билер кеңесі ұлттық құндылыққа айналса игі - «Сыр бойы» газеті



null 

Сыр өңірінде құрылған Билер кеңесі сотсыз татуласудың үздік жобасы ретінде таныла бастаған сыңайлы. Мақала да осы кеңесті ұлттық құндылыққа айналдыру тұрғысынан жазылыпты.

«Бір ауыз сөзге тоқтайтын қазақтың ұрпағы кейінгі кезде соттасуға неге құмар? Болмашының себебімен араздық туа қалса «сотқа беремін» дейтіндер қатары неге көп? Мұндайда кесімді пікір айтып, дауласқанды бітістіретін аузы дуалы ақсақалдың ақылы жетіспей жатқаны шындық. Демек, Билер кеңесі қоғам сұранысына сай».

Облыстық сот та Билер кеңесінің қоғамдағы жанжалды азайтып, кейбір дау-дамайды сотқа жеткізбей шеше алатын қауқарын да мойындаған екен. Бұл ретте мақалада халқымыздың дәстүрлі билер институтының  оның ішінде төрелік, ара ағайындық айту мәдениетін қайта түлету талпынысына назар аударылады. Осыған байланысты сот өкілдері  билер институтын қайта жаңғыртуды қолдайтындықтарын жеткізіпті.

«Әрбір ауылда беделі жоғары, халық сеніміне ие  абыройлы азаматтар бар. Соларға арнайы курстар оқып, би атағын беруге болады деп ойлаймыз. Олар ешбір бюрократиясыз  кеңесу арқылы, ортақ шешімдер қабылдап, соттардың жұмысын жеңілдетуге қолғабыс жасайды. Халықтың салт-санасымен үйлескен шешім шындыққа жақын болады», - деген пікір де айтылыпты.


Мереке ме, келеке ме? - «Қостанай таңы» газеті



null 

«Қостанай таңы» газетіне оқырманның назы ретінде мақала жарияланған екен. Онда автор Жеңіс мерекесін атап өтудің жыл сайынғы куәсі ретінде бірқатар мәселеге назар аудартады. «Біз осы мерекені қалай тойлап жүрміз. Соған алаңдаймын. Мені қынжылтатыны, әдемі басталған мерекенің соңы сорақылыққа ұласып кететіні» деп жазады автор.

Оның жазуынша, ресми шаралар аяқталысымен жұрт саябақтың шырқын кетіреді. Көбі тегін үлестірілген солдат ботқасы мен жүз грамм ащы суға ден қояды.

«Әлгінде ғана әспеттеп жүрген атасының портретін талға сүйеп қойып, жайылған дастарқанды айнала жата-жастана жайғасып, жең түріп, жеңіс үшін сілтей сіміріп жатқан майдангер ұрпақтарынан көз сүрінеді. Соңында ауыр шайқастан шыққан жаралы жауынгердей бірін-бірі сүйреп-сүйемелдеп саябақтан шығып бара жатады. Құлаған бөтелке, босаған стақан, төгілген ботқа, шашылған шашлық, қаңсыған қалбыр, сынған қалампырға толып саябақ қалады. Сол саябаққа ата-анасына еріп әлі есі кірмеген бала-шаға да барады. Үлкендердің үлгісі әлгіндей болса, оның жетегінде жүрген бала ертең көргенін қайталамай ма?!» деп жазады автор.

Сөз барысында автор мерекелерді арақпен атап өтуді тиятын кез жеткенін, сонымен қатар қоғамдық орындарда жүріп-тұрудың заң нормалары сақталуы тиістігін алға тартады.

 

Адам өмірі ойыншық болып бара жатқандай... - «Дидар» газеті



null 

Соңғы жылдары адам өлімі көбейіп кеткеніне «Дидар» газеті назар аудартады. Соның ішінде қандықол қарақшылардың қасақана қылмысынан қаза табатындар саны артқан. Осыған байланысты мақалада Шығыс Қазақстан облысындағы ахуалға көз жүгіртіп, деректер алға тартылады. Мәліметке қарағанда, отбасылық кикілжіңдерден басталып жататын ауыр қылмыстар жөнінен әйелдер де қалыс бермейді екен. Бұған бірқатар мысалдар да келтіріледі. Қоғамдық жерлерде де кісі өлтіру фактілері көп тіркеле бастаған.

Мақалада кісі өліміне әкеп соқтырған бірқатар оқиғалар баяндалады. Олардың басым бөлігі ішімдік салдарынан орын алған болып отыр.

«Облыс жұртшылығы Өскеменнің іргесіндегі Шешек асуында қандықол қылмыскерлердің қолынан мерт болған ағайынды жігіттердің, Көкпектіде ешкімге зиянын тигізбей өз кәсібін жүргізіп отырған әке мен баланың қарақшылар қолынан қаза тапқанын, олардың отбасы да түгел қырыла жаздағанын әлі ұмыта қойған жоқ. Жақында ғана газетімізде кісі тасып, күнделікті нәпақасын тауып жүрген өңірдегі бірқатар такси жүргізушілерінің қылмыскерлердің қолынан қалай аяусыз қаза тапқаны туралы жазылды. Адамдар мардымсыз дүниеге, болмашы ерегеске бола бірін-бірі аяусыз өлтіріп жатыр. Жаның түршігеді. Сонда адам өмірі ойыншыққа айналып кеткен бе?»...

 

Неке неге бұзылады? - «Замана» газеті



null 

Соңғы жылдары ажырасу көрсеткіші елімізде жоғарылап кеткен. Осыған байланысты бірқатар мысалдарды алға тарта отырып, «Замана» газеті мәселе көтереді. Кім кінәлі дегенге ден қояды.

«Қашанда әйелді кінәлі қылғанға құмармыз. Біздің қоғамда осындай бір жақты көзқарастың қалыптасқаны қашан. Дегенмен отбасының бірлігі мен берекесіне әйел ғана емес, ері де жауапты емес пе? Адамның бір аяғы жараланса, ақсаңдап не шойнаңдап, жүрісі бұзылатыны секілді отбасыға жауапты екі адамның біреуі «бұзық» болса, ол жағдай шаңырақтың шайқалуына қашан да себепші. Қайықты бір ескекпен емес, екі ескекпен есу оңайырақ. Сондықтан әйелімен қатар ері де жанұяға деген жауапкершілікті сезінуі керек деп ойлаймын».

Мақалада келтірілген дерекке қарағанда, бүгінде елімізде 400 мың  жалғызбасты ана бар екен, 60 мың еркек жалғызбасты әке атаныпты. «Мұндай қарқынмен кете берсек, Қазақстанда әйелге, балаға қатысты мәселелер ешқашан толастамайтын болады»...

 

Балаңыз батырлар жырын оқып жүр ме?  - «Жетісу» газеті



null 

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытпен тікелей байланысты десек те, арғы дәуірлердегі жауынгерлік шеберлігімізді шет қоюға құқығымыз жоқ. «Алып Ер Тоңға келеді, Жүз мың әскер ереді, Жүз мың жебе кереді», - деп өрілетін көне эпостық жыр жолдарын былай қойғанда, бертіндегі Исатай, Махамбет, Кенесарылардың өзі көзсіз ерліктер жасап, қазақтың жауынгерлік рухына ұшқын берді. Он тоғыз жыл тақта отырып, елдіктің туын желбіреткен Білге қағанның өзі сан мәрте қол бастап, жау жасағын жеке-жеке талқандаған. Тарихи деректерде көне түріктердің толағайлары Елтеріс 47 мәрте жорыққа аттанып, 20 шиеленіскен шайқасқа қатысса, Күлтегін 13 қанды қақтығыста ерлік көрсетіп, 25 рет жер қайысқан жау әскеріне қарсы қол бастағаны айтылады» деп жазады «Жетісу» газеті.

Автор қазақтың жауынгерлік рухы батырлар жырында екенін алға тартады. Батырлар жырындағы қазақ жауынгерлерінің әскери машығына, жекпе-жекке шығу дәстүріне көз жүгіртеді. Сонымен қатар, ертедегі қазақ сарбаздарының соғыс тәсілдері, оның ерекшеліктері туралы айтылады. Ондай әдіс-тәсілдердің әйгілі Аңырақай, Орбұлақ, Бұланты, Шұбаркөл шайқастарында кеңінен қолданылғаны жайында нақты дәлелдер бар екенін алға тартады. Мақаланы түйіндей келе, әрбір Қазақстан азаматының бойында отансүйгіштік қасиеттің алаулап тұрғаны маңызды екені айтылады. Ал Отанын сүюдің алғышарты тағы да халық әдебиетінде, батырлар жырында жатыр.

Ақтөбеде «Максим» пулеметінің тұпнұсқасы бар - «Aқтөбе» газеті



null 

Ақтөбедегі Мәншүк Мәметова мұражайында «Максим» пулеметінің түпнұсқасы сақталған екен. Оның музейге қалай келгені туралы «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес айтып берген екен.

«Әрине, Мәншүктің өз пулеметі емес. Бірақ мұндай қару басқа музейлерде жоқ. Мұны Мәскеуден арнайы алдыртқан Вадим Югай еді. Мұндай қарудың тұпнұсқасын алу - өте қиын шаруа. Алайда Вадим Николаевич оның тетігін тапты. Ал түпкі  мақсат - оқу орнына батырдың есімін алып беру еді. Себебі, соғыс кезінде Мәншүк бос уақытының барлығын далалық госпитальде өткізіп, айқас алаңынан жеткізілген жараланған адамдарға көмектескен. Бұл іске Мәншүктің соғысқа дейін институттағы медбике курсында алған білім-тәжірибесінің септігі тиген. Бұл жөнінде батыр туралы естеліктерде айтылады, - деген екен Ғалымжан Байдербес.

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Қоғам, БАҚ,
Жоғары қарай