Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Министр еліміздегі су бөгеттері қалай тексерілетінін айтты

2019 жылдың 27 наурыз 2019 18:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздегі су бөгеттері қалай тексерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта еліміздің аумағында 1715 гидротехникалық құрылыстар бар. Олардың көбінің, яғни шамамен 97 пайызының пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен. Апатты жағдайды болдырмас үшін олардың жәй-күйі бағалауды талап етеді. Ол үшін қаралып отырған заң жобасында көпфакторлы зерттеу ұғымы енгізіледі. Бұл зерттеу қалай жүргізіледі?», - деп сұрады депутат Қанат Мусин.

Ауыл шаруашылығы министрі Спархан Омаров бүгінде аталған нысандардың көбісінің жағдайы нашар екенін, соның 26-сы апатты күйде екенін айтты.

«Бұларды тексергенде үш санатқа бөлу керек. Осы орайда қалыпты, әлеуетті қиын және апатты жағдайлар бойынша жіктеледі. Соны тексеру үшін заң жобасына көпфакторлы тексеру деген ұғымді енгізіп отырмыз. Бұл гидротехникалық құрылыстарды тексеру олардың (нысанды пайдаланушылар) өздерінің берген ақпаратымен жүргізілген немесе құзыретті органдардың визуалды тексеруі жолымен атқарылған. Әрине, бұл қадамдар бүгінгі талаптарға сай келмейді, сондықтан көпфакторлы зерттеу енгізілуде. Көпфакторлы жүйе гидроқұрылымға байланысты барлық жағдайды тексеруді қамтиды, яғни оның механизмдерін, бөгеттердің беріктігін, тоғандардың шайылып кету қаупін тексеру ескерілген. Заң жобасы қабылданғаннан кейін, тиісті құжаттарда барлық шаралар қамтылады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Жоғары қарай