Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Министр Мұхамедиұлы Димаштың америкалық байқаудан кетуіне қатысты пікір білдірді

2019 жылдың 17 наурыз 2019 13:18

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әнші Димаш Құдайбергеннің The World's Best байқауынан кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген адам конкурста жеңімпаз атануға тырысады. Әсіресе, әртістердің жеңіске деген құлшынысы жоғары. Бұл - жарыс. Бірақ Димаш нағыз азаматтық шешім қабылдады, даналықтың дара жолын көрсетті. Ол өзінің отандасы Данэлия Төлешовамен бірге келесі кезеңге өткенін көрді. Содан кейін конкурстан бас тартатынын мәлімдеді. Себебі Данэлияға қарындасы ретінде қарайды, оған жол бергенді жөн көрді», - деді А.Мұхамедиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Министрдің ойынша, басқа бәсекелестер болғанда Димаш жарыс жолын жалғастыратын еді. Бірақ ол қашанда өзінің ешкімге ұқсамайтын мінезімен көзге түседі. Ал Данэлияға жол бергені халықтың оған деген құрметін күшейте түсті. «Енді, қазылар алқасы конкурстың қызықты өткенін қалайды ғой. Содан болар, Димаштың шешімін бірден түсіне алмады. Себебі конкурсқа өтудің өзі оңай емес. Димаш болса, финалға өтті. Ал сауалнама бойынша бірінші болып тұрды. Әлбетте, бәрі оның жеңімпаз болатынын білді. Димаш өте дұрыс әрі дана шешім қабылдады», - деп атап көрсетті А.Мұхамедиұлы.



null

Айта кетейік, өткен аптада әнші Димаш Құдайберген Америкадағы «The World's Best» байқауынан кететінін мәлімдеген болатын.

Осыдан кейін қазақ әнші өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғысын білдірді. «Қолдау білдіргендеріңіз үшін барлықтарыңызға шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Байқаудың финалынан бас тартқаныма қарамастан, телекөрермендер арасында бірінші орыннан көрініп отырмын - оның бәрі де сіздердің арқаларыңызда болып жатыр. Мен үшін дауыс бергендердің бәрінің алдында басымды иемін. Өзімнің ірілі де ұсақ жеңісімнің бәрін де жанкүйерлеріме арнаймын. Шоудың Лидиан Недашварам мен Данэлия Төлешова секілді жас өнерпаздары Моцарт пен Селин Диондай әйгілі болсын. Мен оларды жеңісімен құттықтаймын!», - деп жазды Димаш Құдайберген Инстаграмдағы парақшасында.




null

Жоғары қарай