Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Мұхтар Тілеуберді Берлинде Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларымен кездеседі

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 18:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Берлинде өтетін Германия, Орталық Азия және Ауғанстан СІМ басшыларының конференциясына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Берлинге сапары жоспарлануда.

«Жұмыс сапарының мақсаты - Еуропалық одақтың Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған жаңа стратегиясын іске асыру аясындағы Германия бастамашылық еткен климатты қорғау жөніндегі «Жасыл Орталық Азия» жобасының тұсаукесеріне арналған конференцияға қатысу. Іс-шараға Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас, Еуропа одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Джозеп Боррел, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ауғанстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен зерттеу институттары өкілдерінің қатысуы күтілуде», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Конференция қорытындысы бойынша Орталық Азия аймағындағы экологиялық проблемаларды шешу туралы бірлескен шараларды қарастыратын декларацияға қол қойылмақ.

«Мұхтар Тілеубердінің сапары бағдарламасында Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас және Германияның Экономика және энергетика министрі Петер Альтмайермен екіжақты кездесулері жоспарланған, олар Қазақстан-Германия ынтымақтастығының өзекті мәселелерін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың желтоқсан айындағы Германияға жасаған ресми сапарында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің орындалуын талқылайды деп күтілуде», - деді ол.

Сонымен қатар, Мұхтар Тілеубердінің Берлинге жұмыс сапары аясында неміс бизнесінің басшылығы және аға өкілдерімен кездесуі жоспарланып отыр.


Жоғары қарай