Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Мұрат Насимов: «Білім экономикасы» - серпінді дамудың негізі

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 20:58

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қоғамдық өмірдің түрлі салаларын кеңінен қамтыды.

«Атқарылатын жұмыстардың барлығы бес институционалдық реформа және Ұлт жоспарын жүзеге асырумен байланысты екендігі негізделіп отыр», - деді саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қызылорда «Болашақ» университетінің оқытушысы Мұрат Насимов ҚазАқпарат тілшісіне.

«Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында саяси реформалар өз ретімен жүріп, іргелі қағидалары елдің қоғамдық-саяси жаңғыруы негізінде сәтті экономикалық реформаларды жүргізумен байланыстырды. Жария құқық пен саяси зерттеулер негіздеріне сүйеніп, есеп беретін Үкімет институттары мен тетіктерін анықтау қажет. Расында саяси жүйенің бұл формуласы қазіргі күрделі жаһандық ахуалдағы еліміздің мұқтаждығын қанағаттандырып, стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға ықпал жасайды.

Президент азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше мәселелерге ерекше тоқталды. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың басты факторы ретінде сот және құқық қорғау жүйелерін терең реформалау қажеттілігіне назар аударды. Қоғамда кеңінен таралып кеткен қылмыс түрлерін атап көрсетіп, Парламент пен Үкіметке жедел түрде ауыр қылмыстарға жазаны қатайтуды тапсырды. Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес те назардан тыс қалмады», - деді Мұрат Насимов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қарқынды дамыған және инклюзивті экономикада құрылымдық өзгерістер жасаудың сегіз міндетін атап көрсетті. «Білім экономикасы» ақпараттық қоғам мен білім қоғамына тән постиндустриалды экономика мен инновациялық экономиканың дамуындағы жоғарғы кезең екені белгілі.

«Бүгінгі әлемдік қауымдастықтағы алдыңғы қатарлы елдер жер қойнауындағы қазбаларды емес, адамның ақыл-ойын басты байлық санайды. Сондықтан осы «Білім экономикасы» қағидаларына сүйену арқылы Орталық Азиядағы беделімізді арттыру стратегиялық міндетін жүзеге асыра аламыз. Қысқаша айтқанда, «білім экономикасы» - серпінді дамудың негізі.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде ерекше мән беріліп келе жатқан жер мәселесіне тоқталып, жерімізді шетелдіктерге сатуға жол берілмейтіндігін атап көрсетті. Халық байлығы - жерді тиімді пайдаланудың тетіктерін ұсынуды Үкімет пен Парламентке міндеттеді. Бұл тетіктер отандық аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің сапалы дамуына септігін тигізетіндігіне сенімдіміз», - деді Мұрат Насимов.

Мұрат Насимов Президент әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастаудың алты бағытына ерекше мән бергенін атап өтті. Білім беру сапасын жақсарту үшін жасалған ұсыныстармен қатар, жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау білдіру қажеттілігін дәйектейді.

«Еліміздегі жоғары білімнің сапасына жеке тоқталып, онда орын алып жүрген келеңсіз мәселелердің оңды шешілуіне жағдай жасау арқылы білім сапасын арттыруға жол ашылатыны белгілі. Мемлекет басшысының ұлттың ілгері дамуы үшін қажетті ғылымның рөліне тоқталуы саладағы көптеген мәселелердің рет-ретімен шешілетініне сенім ұялатады. Ғылыми жұмыстардың жүргізілуі және оның тәжірибеде қолдануы маңызды мәселе. Әсіресе, қоғам мүшелері үшін тиімділігі көп көріне бермейтін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы зерттеулерді қоғамдық құбылыстарға сай жүргізуге ерекше мән беруіміз қажет. Білім беру, ғылыми мәселелермен қатар, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілетін болды.

Президент Қуатты өңірлер – Қуатты ел бағытында төрт міндетті жүзеге асыруды тапсырды. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажеттілігіне тоқталды. Мұндай бағалаулар әлеуметтік желілерде, әсіресе фейк-парақша қолданушылар арасында жағымсыз жәйттер кеңінен тарап жатқандығын байқаудамыз. Бұл шараны жүзеге асыру үшін тәуелсіз сарапшыларды тартқанды жөн санаймыз. Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру арқылы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру негізгі қағидаты айқындалды.

Біздің ойымызша, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог әрдайым халық арасында сұраныста. Жолдауда айтылған қоғамдық диалогтың мақсаты биліктің жоғарғы деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жедел жауап беру деп ойлаймыз», - деді Мұрат Насимов.


Жоғары қарай