Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Наурыз - киіз үйлерді бәсекеге түсіретін мейрам емес - тарихшы пікірі

2019 жылдың 22 наурыз 2019 11:41

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Көнекөздердің сөзінше, Наурыз мерекесін тойлау Қостанай облысында өткен ғасырдың елуінші жылдарынан тарала бастаған. Мәселен, Ұлыстың ұлы күнінде ауыл адамдары бір қыратқа жиылып, ат шаптырып, көкпар ойнатқан деседі. Алайда, тарихшылар ұлық мерекенің өңірде тойлануын тоқсаныншы жылдармен байланыстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Наурыз мерекесінің пайда болуы турасында әркім түрлі дерек айтады. Біреулер Сүлейменнің жүзігі табылған күн десе, иран-парсы аңыздарында адамзаттың отты пайдалана білген сәтін Наурыз деп атаған дейді. Бір ғана түркі тайпаларында бұл күн жайлы аңыз да, ертегі де көп. Ал елімізде, қала берді, Қостанай облысына бұл мереке қалай келді?

87 жастағы Дәмеш Әбеуованың сөзінше, ертеректе Наурыз тойы жасырылып тойланатын болған.

«Мен 1951 жылы келін болып түстім. Сол жылдары Ұлы Жыланшық өзенінің бойында тұрдық. Наурыз тойларда көршілер бір-біріне хабар береді. Ауыл-ауыл болып атап өтуге болмайтынын білетінбіз. Наурыздың алғашқы күндері жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді деуші еді. Мұны малшылар бірінші байқайды. Бұл - наурыз айының басталғаны. Міне, содан соң ерлеріміз көкпар тартады, әйелдер қазан-ошақтың қамына кірісеміз. Тамақ оттан түспейді, уыз қатырылады», - дейді әжей.

Облыстың оңтүстік жағында қонақтарға Наурыз көжемен қатар күлше, бөкпе сияқты жеңсік тағамдар қойылады.

«Күлше қоламтаға көміп пісіріледі. Қамырды қатты илеп, бетін ыдыспен жауып қояды. Кейін оны оқтаумен жаяды. Бетіне ағаш қасықпен ою жасайды. Үстіне сары май жағып, пешке салады. Бұл біздің жақта тек наурызда пісірілетін тағам болатын», - дейді Дәмеш Әбеуова.

Арқалық қаласында тұратын белгілі өлкетанушы Шөптібай Бәйділдин Наурыз мейрамының Жыланшық жерінде өтіп тұрғанын растап отыр.

«Ұлы Жыланшықта 30-ға жуық бай-манап тұрған. 10-15 шақты мешіт болған. Көкпар тартылып, бәйге ұйымдастырылғанын естігенмін. 1913 жылғы мал санағы бойынша, Жыланшықтың бір өзінде 25 мыңға тарта жылқы болған. Сол себепті, Наурыз мерекесі әр төңіректе бір өткізіліп тұрды. Тағы бір қосарым, Наурызды алдымен күнтізбе деп есептеген дұрыс сияқты. Жылдың басы деп санадық, кейін бұл мерекеге айналып кетті», - дейді өлкетанушы.

Кәсіби тарихшылар мен этнографтар Наурыз мейрамы Қостанайға тоқсаныншы жылдары бір-ақ келді деп есептейді. Өзбекәлі Жәнібеков Колбинге хат жазып, осы тақырыпты министрлікте көтерген-мыс.

«Наурыз жайында әр тарихшы түрлі пікір айтып жүр. Менің ұғымымда аталған мейрам бөтен халықтан келген жоқ. Біздің төл мерекеміз. Кейбіреулер «көне ирандықтардан қалып, «Жаңа күн» деген мағынада түркі жұртына жетті» деп жүр. Мен бұған келіспеймін. Еске алсақ, андронов мәдениеті мен қола дәуірінде Қазақстанды мекендеген тайпалардың тілінен «Наурыз» сөзі шыққан. Бұған осетин ғалымы филолог, өлкетанушы Василий Абаевтың тұжырымын мысалға алайын. Ол ертеректе сақ тайпалары көне иран тілінде сөйлегенін алға тартады. Сондықтан да бұл Әз-Наурыз мейрамының түп төркіні сонау бағзы замандағы Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардан, әсіресе, сақтардан бізге жеткен. Керек десеңіз, Бірінші Петрға дейін славян халықтары һәм угро-финдер жаңа жылын осы көктем мезгілі - Наурыз айынан бастаған. Петр патша тағына отырғаннан соң григориан күнтізбесін енгізіп, жаңа жылды қаңтардан бастатқан ғой. Содан соң Наурыз мейрамын тойлату сейіле түсті. Кеңес заманында бұл меркені діни деген түсінік қалыптасып, тіпті, атап өтуге тиым салынды. Тек 1980 жылдың аяғына таман Өзбекәлі Жәнібеков қана Наурызды қайта жаңғыртты. Ел-елде, жер-жерде қайтадан қадірі артып Наурыз тойлана бастады. Қостанайға да сол кезде келді. 1995 жылы Тобыл өзенінің бойында киіз үйлер тігіліп, ұлан-асыр той жасалды», - дейді тарихшы Аманжол Күзембайұлы.

Тарихшының пікірінше, осы кезде Наурыздың мағынасы мен мазмұнын тереңдете түсіру қажет. Өйткені, Наурыз айында кигіз үй тігіп, әрбір тіккен ақ шаңқан үйлерге бәсеке жүргізудің қажеті жоқ.

«Тіпті, бұдан мезі болдық. Әртүрлі сипатпен неге төл мерекемізді атап өтпеске? Мәселен, осы күні өнерімен, талантымен, ғылымда танылып жүрген жандарға демеушілік көрсетіп, әр шағын ауданда отбасылық игі-шаралар өткізбеске?! Оларға да жүлде тағайындау қажет. Басқа күнді қайдам, аты мәшһүр жандарға мемлекеттік марапаттарды осы құтты күні неге бергізбеске?! Жетім-жесірлерге көмекті қалталы азаматтар неге осы күні беруді ұйымдастырмасқа?! Міне, сонда ғана Наурыз мейрамының қадір-қасиеті арта түседі! Барлығы жыл бойы тағатсыздана тосар еді», - деген ұсынысын білдірді ол.

Қалай дегенмен де, көне мейрамымызды жалпақ жұртқа жайып, атой салып тойлайтын күнге жеттік. Оның тарихы неғұрлым тереңдей бергенімен, басты ерекшелігі ұмытылмақ емес. Ол - қамқорлық пен мейірім. Наурызды ізгі тілек, ізетті қамқорлықпен қарсы алайық! Ұлық мереке құтты болсын!

Жоғары қарай