Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

Назарбаев пен Путин екі елдің өзара іс-қимылының негізгі аспектілерін талқылады

2019 жылдың 8 қыркүйек 2019 00:25

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НазарбаевМәскеудегі жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Кремлде кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі елдің өзара іс-қимылының негізгі аспектілерін талқылады.

- Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы үлгі етуге тұрарлық. Мұндай байланыс көптеген елдерге өнеге. Мен өзара іс-қимылдың осындай деңгейге жетуі үшін бар күшімді салдым. Біз сонымен бірге, сәтті дамып келе жатқан және барлық мүше елдерге пайдасын тигізетін Еуразиялық экономикалық одақ құрдық, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Ресей Президентін Мәскеу қаласының күнімен құттықтап, сәттілік және Ресей астанасының гүлдене беруін тіледі.

- Мәскеу қаласының күні мерекесіне шақырғаныңыз үшін рахмет. Мәскеу баршамызға өте жақын. Ерте жастан бастап біз осында келдік, оқыдық және жұмыс істедік. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі қызмет еткен жылдардың бәрінде халықтарымыздың достығын нығайтуға өз үлесін қосқанын атап өткен жөн. Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында осы сұрапыл соғыстағы жеңіске адамдардың бірлігінің арқасында қол жеткенін атап өткім келеді, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Ресей көшбасшысы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің екіжақты қатынастарды қалыптастыру және дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бізге мереке күні келгеніңіз үшін рахмет. Сіз Ресей-Қазақстан қатынастарын орнатушысыз. Бұл байланыстар гуманитарлық, әскери салаларда, әскери техникалық ынтымақтастықта одақтастықтың бұрын-соңды болмаған ең жоғары деңгейіне жетті, біз толағай табысқа қол жеткізе алмайтын қызмет саласы жоқ. Біз Сізді көруге әрқашан қуаныштымыз және біздің жеке байланыстарымыздың жалғасып жатқанына қуаныштымын, - деді Владимир Путин.

Еске сала кетсек, Елбасы Ресейге жұмыс сапары барысында Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильонының ашылу рәсіміне қатысты және Мәскеудегі Қазақстан Республикасының елшілігінде болды.


Жоғары қарай