Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Назим Шихалиев: Қазақ - ​өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл халық

2019 жылдың 1 наурыз 2019 14:33

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақ халқы - ​ өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл халық. 1-ші Наурыз - Алғыс айту күні «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау қалалық филиалының төрағасы Назим Шихалиев қазақ халқына алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назим Шихалиевтің айтуынша, бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан көпұлттылығымен қоса, бірлігі жарасқан, берекесі молайған ел ретінде бағаланады. Әсіресе, елімізді мекен еткен ой-мақсаты ортақ саналуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірі - ​ әзербайжандар.

«Әзербайжандардың Қазақстанға келу тарихы да әртүрлі. Мен өзім 1952 жылы Әзербайжанның Масалы ауданы Шатыроба ауылында дүниеге келдім. Кейін КСРО-ның Ішкі істер министрлігі берген жолдамамен 1970 жылы Қазақстанға қоныс аудардым. Отан алдындағы борышымды да Алматы облысында өтедім. Сөйтіп, осында тамырымды тереңге жайып, қалып қойдым деуге болады. Қазір интернационалды отбасының отағасымын. Әйелім - ​орыс ұлтының өкілі. Немерелерім де осы қазақ жерінде өсіп, қазақша тәлім-тәрбие алуда. Мұны өз басым бәрі қазақ халқының дархандығы мен пейілінің кеңдігінің арқасында дер едім. Бүгінгі таңда бауырмал қазақ халқымен бірге өзге де ұлт өкілдерімен қатар тату-тәтті өмір сүріп жатқандығымды мақтан тұтамын», - дейді ол.

Назим Шихалиев Қазақстанды өзінің екінші Отаны санайды.

«Қазақ халқы - ​ өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл халық. Тіпті, ен далада келе жатып, көлігің тоқтап қалса да, жақын жердегі ауылға соға қалсаң, сені жылы үйге кіргізіп, алдыңа қолындағы барын тосып, құтты қонағындай күтеді», - дейді Назим Шихалиев.

Сонымен қатар, ол Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Президенттің әлеуметтік бастамалары ұлтымызды ұйыстыра отыра ұлы мақсаттарға, біздің ұлттық идеямыздың түп қазығы «Мәңгілік елге» апаратын даңғыл жол екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің тәуелсіздігіміз, зайырлығымыз бен еліміздің экономикалық өсімі ұлттық құндылықтарымызды біріктіреді. Бұл жолғы айтылған бастамалардың ел болашағы үшін маңызы өте зор. Өйткені, әлеуметтік бастамалар көпұлтты халқымызға күш-қуат берер қайнар көз деп білемін.​Елбасы​ алдағы уақытта көптеген жұмыстардың күтіп тұрғанын айтып өтті. Сан-салалы өміріміздің барлық тыныс-тіршілігін түгел қамтыған Елбасы бастамалары көпбалалы отбасылар мен жастардың көңіліне үміт отын ұялатып отыр. Қазіргі күні жастардың көбі пәтер жалдап, күн көретіні жасырын емес. Қаншама жас отбасылар да баспананың жоқтығынан қиналып жүр. Осы ретте жалға берілетін тұрғын үй құрылысының жанданатыны жас қазақстандықтарды бір серпілтіп тастады», - деп түйіндеді Назим Шихалиев.

Жоғары қарай