Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

«Nur Otan» Қарағандыдағы онкологиялық орталықтың құрылысын бақылауға алады

2019 жылдың 20 қыркүйек 2019 21:10

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында аймақтағы бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондай-ақ, ол облыстық онкологиялық диспансерде болып, орталыққа бүгінде ота және жансақтау бөліміне арналған жаңа ғимараттың қажеттілігіне көз жеткізді.

«Әлемде онкологиялық аурудан жыл сайын 10 млн-ға дейін адам көз жұмады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 мыңға жуықтайды. Бұл кеселден қаншама отандасымыз туыстары мен жақындарын жоғалтып, тағдыр тауқыметі мен қасірет шегуде. Сондықтан бізге заманауи медициналық технологияларды енгізіп, білікті мамандар даярлап, тиісті инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Қатерлі дерт кесірінен көз жұматындар санын азайтуға, ал аурудың бастапқы сатыларында құлан таза айығуға болады», - деді Бауыржан Байбек.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ота және жансақтау бөліміне арнап жаңа ғимарат салу науқастардың кезек күту мерзімін 10 күннен 1 күнге қысқартып қана қоймай, жасалатын ота санын жылына 20 мыңға арттыруға, яғни қаншама адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Мұнда жыл сайын еліміздің 6 аймағынан келген 10 мыңнан аса адам ем қабылдайды. Алайда, ғимараттың тарлығы науқастардың барлығына бірдей толыққанды қызмет көрсетуге қол байлау болып келеді. Бүгінде құрылысты қаржыландыру мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. «Nur Otan» аталған жобаның қаржыландырылуын қолдайды. Сонымен бірге, құрылыс жұмыстарымен қатар көрсетілетін қызмет сапасына да қатаң түрде партиялық бақылау жүргізіледі», - деді Бауыржан Байбек.

Осы күні «Nur Otan»-ның облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Онда партияның облыстық филиалының төрағасы болып Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек сайланды.


Жоғары қарай