Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Нұр-Сұлтанда нан бағасы қымбаттай ма

2019 жылдың 19 қазан 2019 15:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі нан бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астаналық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметіне сенсек, жыл басынан бері астық пен ұн бағасы өскені байқалады. Салдарынан бірінші сорт ұнынан пісірілген әлеуметтік нан бағасының өсу қаупі туындап отыр.

«Биылғы сәуірде бағаны тұрақтандыру үшін келісін 94 теңгеден 2000 тонна бірінші сорт ұн сатып алынды. Оны отандық өндіруші «Табыс 2009» ЖШС-нен сатып алдық. Бұл ұн қаладағы екі ірі наубайханаға (қала нарығындағы үлесі – 30%) бөлініп берілді. Олардың бір айдағы қажеттілігі - 750 тонна», - деп мәлім етті ведомство.

Басқарманың мәліметінше, қала наубайханаларымен келісім бойынша биылғы 1 желтоқсанға шейін нан бағасы сол бір бөлке – 75 теңге күйінде қалады. Дүкенде 80-85 теңгеден сатылады. Бүгінде еркін нарықтағы астықтың бағасы тоннасына 80 мың теңгеден асады.

Айта кетейік, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ астықты сапасына қарай тоннасын 70 мың теңгеден сатып алатынын хабарлаған болатын.

«Осыған байланысты нан бағасының кенеттен көтеріліп кетуіне жол бермес үшін комиссия шешімімен тұрақтандыру қорына 6 мың тонна ұн сатып алу жоспарланып отыр. Ол жаңа егін науқанына дейін бағаны тұрақты қалыпта ұстап тұрады және қаладағы қажеттіктің 65 пайызын қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді басқарма.

Әкімдік аталған бағыттағы жұмыс бақылауда екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, 14 қазандағы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нан бағасы қаншалықты қымбаттайтынына қатысты өз болжамын айтқан еді. Одан кейін министрлік өкілдері әлеуметтік нанның бағасы өзгермейді деп сендірген болатын.

Жоғары қарай