Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Нұр-Сұлтанда жаңа балабақша төрт жылдан бері бос тұр

2020 жылдың 12 қаңтар 2020 12:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақша ғимараты қаңырап бос тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24-ке» сілтеме жасап.

Халық игілігіне берілуі тиіс нысан бірнеше жылдан бері бос тұр. Бұл – елордадағы «Family village» тұрғын алабында орналасқан балабақша. Балабақша құрылысына қыруар қаржы жұмсалғаны анық. Ауласына ағаш та егілген. Алайда иесіз.

«Жазда неге ашылмай тұр деген сұрақ туындады. Салынған болса, неге ашылмайды. Орталыққа шығамыз. Жазда жарайды. Қыста қиын. Бұл аумақтың тұрғындары таңнан тұрып, балаларын орталыққа тасып әуре. Мемлекеттік білім беру мекемелерінен мұнда тек мектеп қана жұмыс істеп тұр. Ал, балабақшаның сиқы мынау. Аты бар, заты жоқ», - дейді қала тұрғыны Айнагүл Сүлейменова.

Бұл ауданда мемлекеттік балабақша жоқ. Тек жекеменшік балалар бақшасы бар, бірақ оған айына 50 мың теңге төлеу керек.

«Мен баламды қала орталығындағы балабақшаға апарамын. Жақын жерде мемлекеттік бөбекжай жоқ. Бос тұрған бұл ғимаратты Назарбаев зияткерлік мектебіне берген деген әңгімелер айтылды. Мұнда тұрғындар өте көп. Әр отбасында кемінде бір баладан бар», - деді тағы бір қала тұрғыны Елена Воробьева.

Жергілікті билік өкілдері ғимараттың 4 жылдан бері пайдаланылмай, бос тұрғанын растады.

«Балабақша мемлекеттік болады. 240 баланы қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. 9 топ болады», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Ләззат Қазбекова.

Әкімдік өкілдері балабақша көп ұзамай іске қосылады деп сендірді.


Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім,
Жоғары қарай