Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Нұр-Сұлтанда жылу бағасы қымбаттай ма

2019 жылдың 25 қыркүйек 2019 12:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жылуға жауапты «Астана-Теплотранзит» АҚ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті 18 пайызға көтеруді сұрағалы отыр. Бұл туралы тілшілерге арналған баспасөз турында «Астана-Теплотранзит» АҚ басшысының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Аралбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, біз бес жылға – 2016-2020 жылдарға бекітілген тарифтердің шекті бағасы бойынша жұмыс жүргіземіз. 2017 жылдан бастап тарифтерді өз бетімізше төмендеттік. Яғни, 2017 жылы 3 пайызға, 2018 жылы 4 пайызға, 2019 жылға 10 пайызға азайттық. Әлбетте, соңғы жылдары біршама нысандарды пайдалануға бердік. Алайда одан бері бізге жаңа активтер келіп, тиісінше, мүліктер бойынша салықтық және амартизациялық аударымдарды төлеуге тура келді. Бірақ, бекітілген тарифтерде ол шығындардың бәрі есепке алынбаған еді. Ал бекітілген тарифті қайта қарау мүмкіндігі бізге берілмейді. Тек келесі жылы ғана бес жылдық тариф бойынша өтінім беретін боламыз», - деді Руслан Аралбай.

Компания өкілінің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта жылу тарифінің бағасы «Астана-Теплотранзит» АҚ қызметінің өзіндік құнынан төмен.

«Қазіргі таңда тарифтің мөлшері – 1125 теңге. 2020 жылға бекітілген тариф 1345 теңге. Айырмашылық – 18 пайыз. Кәсіпорын өзі жоспарлаған табыстан жоғары кіріске ие болған кезде біз тарифтерді төмендетеміз. Әйтсе де, келесі жылы тарифті төмендететіндей мұндай резерв кәсіпорында жоқ. Керісінше, өзіндік құнның мөлшері тарифтен жоғары шығып кетіп отыр», - деді ол.

Руслан Аралбайдың сөзіне сенсек, «Астана-Теплотранзит» компаниясының шығындары ашық түрде жарияланып келеді.

«Бізде 70 пайыздық тұрақты шығын бар. Экономист адам болса, бірден ұғынықты: шығындардың 26 пайызы жұмысшыларға, нормативті шығындарға 22 пайызы, амартизация мен салықтарға 18 пайызы кетеді. Бұдан бөлек, материалдық шығындар мен жөндеу жұмыстарына шығатын шығын бар. Әлбетте, уақыт талабына сай цифрландыру мен автоматтандыру жүйелеріне көшуге тырысып бағудамыз. Жұмысшыларды қысқарту есебінен шығындар аздап қысқарады. Алайда оңтайландырудың да шегі бар. Себебі, қысқарта берсек, сенімділікке бұл да әсерін тигізері хақ. 2019 жылы «Астана-Теплотранзит» компаниясы 900 млн теңге шығын шығарғалы отыр. Көбі амартизация мен салықтарға жұмсалады», - деді ол.

Сонымен бірге, компания өкілі 2020 жылы елордада жылу тарифі бойынша нақты қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін сөз етті.

«Бізге қолдануға құқық беретін бекітілген тариф бар. Оның бағасы – 1345 теңге. Қазіргі таңда тариф – 1125 теңге. Біз тарифті көтеруді 18 пайызға сұрайтын боламыз», - деді Руслан Аралбай.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Астана-Теплотранзит» АҚ басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Құрманғазы Нұғыманов Астананың жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары 1 қазанда аяқталатынын мәлім еткен еді.

Жоғары қарай