Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 385.16
EUR 425.95
RUB 6.01
CNY 54.51

Нұрлан Ноғаев өртенген театрды қысқа дейін қалпына келтіруді тапсырды

2019 жылдың 25 тамыз 2019 08:46

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрын қалпына келтіру жұмысының барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Драма театрын қалпына келтіру жұмыстары өрттен кейін жедел түрде басталды. Қазір нысанда 22 компания жұмыс істеп жатыр. Олар театрды өз қаражатымызға жөндейміз деп бастама көтерген болатын.

«Қазір театр ғимаратының шатыры, электр желілері мен сыртқы қасбетін қалпына келтіру, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, 12 арнайы техника тартылып, 200-ден астам адам еңбек етуде. Театр ұжымы да тыс қалмай, қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысып жүр»,- дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.

Театр ғимаратын аралап шыққан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өртке себепкер болған электр тұстаманы күрделі жөндеу кезінде жаңартпаған театр басшылығын сынға алды. Облыс әкімі жағдайды жан-жақты саралап, кінәлілерге шара қолдануды тапсырды.

Театр ғимараты жаңартылып, биыл мамыр айында ғана ашылған болатын. Қалпына келтіру жұмыстары барысында сахна жөнделіп, креслолар мен акустикалық жабын алмастырылды, көрермен залын жарықтандыру техникасы жаңарды.

«Бұл - бүкіл облыс халқы үшін үлкен сын болды. Бірақ адамдардың немқұрайдылығынан қалпына келтіру жұмыстары өрттен кейін біраз уақыт өткенде ғана басталды. Көп жұмыс істеу керек, дегенмен, асығыстыққа жол беруге де болмайды. Қыс түскенше уақытымыз бар. Мамандардың бағалауынша, үш ай ішінде жұмысты толығымен аяқтаймыз», - деді Нұрлан Ноғаев.



Жоғары қарай