Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Нұрсұлтан Назарбаев: Осынша уақыт басшылықта ұстағандарыңыз үшін алғыс айтамын

2019 жылдың 23 сәуір 2019 14:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партиялық қызметке қалай келгенін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маусым айында Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы қызметіне келгеніме 30 жыл толады. Бұл көшбасшылық позиция еді. Ол кезде аталған қызмет «Қазақстанның бірінші жетекшісі» деп аталатын. Аласапыран кезең болды. Бір жылдан кейін бәріміз өмір сүрген мемлекет ыдырап кетті. Төбеміз жерге түскендей болды. Бәрі абдырап, не істерін білмеді. Содан бері 30 жыл да өтті», - деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев партияның кезектен тыс XIX съезінде.

Елбасы партияның бүгінгі съезінде дәл сол кезеңді еске алғанын жеткізді. Кеңес одағы ыдырап кеткенде алда не болатынын ешкім білмеді. «Сонда менің Қазақстанды жан-жақты білгенім бар. Ал 1984 жылы 20 наурызда мені Қазақстан Үкіметінің төрағасы қызметіне сайлаған болатын. Міне, содан бері 35 жыл өтті. Осындай үлкен шыдамдылық үшін, мені осыншама уақыт басшылықта ұстағаны үшін зор алғысымды білдіремін. Осы уақыттың ішінде халқымның сенімін ақтасам, мен - бақытты адаммын, бақытты саясаткермін», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Елбасы «Nur Otan» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев партияның кандидатын қолдауға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. «Nur Otan» съезі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан бекітті.

Жоғары қарай