Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Нұрсұлтан Назарбаев пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қатысты пікір білдірді

2019 жылдың 7 наурыз 2019 17:34 3114

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үштілділік жүйесін дамыту мәселесіне тоқталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біз қазақ пен орыс тілдерін жақсы білеміз. Негізгі мәселе - ағылшында. Оны оқу басты идея деп айта алмаймын. Бұл - қажеттілік. Ол әлем елдерінің өзара коммуникация тіліне айналды. Қазір балаларымыз жан-жақта оқып жүр. Сондықтан бүгінде ағылшын жай тіл емес, кәдімгідей қажеттілік тіліне айналды. Ал тілді үйрену үшін алдымен мұғалімді үйрету керек», - деді Н.Назарбаев.

Осы орайда, Президент жоғары сыныптарда қолданбалы пәндерді ағылшын тілінде оқыту мәселесін де түсіндірді.

«Ол кезде оқушылар жоғары оқу орнына түсуге дайындалады. Ал дәл сол уақытта математика, физика, xимия мен биологияның терминдерін ағылшын тілінде түсініп үйренбесе, шетелде барып, оқи алмайды. Сондықтан мұғалімдерге барынша тырысу керек. Енді, ағылшын тілінде бір жылдың ішінде үйрете алмайсың. Ал біздікілер үш айлық курсты шығарды. Одан кейін математиканы ағылшын тілінде үйретесің дейді. Ол - өте ауыр. Мен өзім солай істеп көрдім. Қиын нәрсе екен», - деп атап айтты Н.Назарбаев. 

Айта кетейік, бүгінгі кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. "Ананың құдіреті шексіз. «Оның  алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әруақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. "Ана" деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды", -  дейді Н.Назарбаев.  Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселесін қозғады.  Екі көпбалалы анаға "Алтын алқа" мен "Күміс алқаны" салтанатты түрде тапсырылды.  Президент отбасының ынтымағын сақтаудың құпиясымен бөлісті.  Сондай-ақ, денсаулық сақтаудың басты қағидатын ашып берді. 

Еске салсақ, бұған дейін біз мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету курстары тоқтатылғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Жоғары қарай