Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Нұрсұлтан Назарбаев: Үкімет пен «Nur Otan» фракциясы азаматтардың проблемаларын бірлесіп шешуі керек

2019 жылдың 18 қазан 2019 16:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет, «Nur Otan» партиясы және Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының мүшелерімен жиналыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңесте «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары» бағдарламасы қаралды.

Отырыс барысында Премьер-министр А.Маминнің, Парламент Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулиннің, Премьер-министрдің бірінші орынбасары және Қаржы министрі А.Смайыловтың, Премьер-министрдің орынбасарлары Б.Сапарбаевтың және Р.Склярдың баяндамалары тыңдалды.

Ұсынылған ақпаратты тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы партияның айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

– Бүгінгі таңда партиямыздың алдында қоғамды жұмылдыру, партия атынан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңайына элитаны топтастыру міндеті тұр. Партия елдің жетекші саяси күші ретінде мемлекетіміздің дамуының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан Үкімет пен Фракция жүйелі жұмыс жүргізіп, ел-жүрттың нақты мәселелерін бірлесе шешуі керек, – деді партия төрағасы.

Елбасы сайлауалды бағдарламаның және Ұлт жоспарының орындалу нәтижелеріне тоқтала келе, партияның қалған міндеттемелерін орындауға қатысты ықтимал қатерлерді атап көрсетті.

– Біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Үш жарым жылдың ішінде 430 мыңнан астам жұмыс орны пайда болып, 2,7 мың шақырым жол салынды. Еуразия құрлықаралық дәлізі іске қосылды. Елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 28 пайызға жетті. Бір жыл ішінде біз «Doing Business» рейтингісінде 8 позицияға ілгерілеп, 28-ші орынға көтерілдік, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасы Үкіметтің бес жылдық қызметінің негізін құрауы керек екенін атап өтті. Ал партияның Мәжілістегі фракциясының мүшелері ықтимал қатерлердің дер кезінде алдын алып, бағдарламаның орындалуын үнемі қадағалап отыруы қажет.

– Біздің міндетіміз – ұзақ мерзімді көшбасшылықты сақтау. Мәжіліс сайлауына партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын дайындау жұмыстарын бүгіннен бастау керек. Стратегиялық бағытты негізге алып, әртүрлі әлеуметтік топтардың нақты мүдделерін көздеп, ел-жұрттың нақты сұраныстарын өтеген жөн», – деді партия төрағасы.

Сонымен бірге, Елбасы өңірлерді дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына тоқталды.

– Қазір бұл стратегиялық бағдарламалар ойдағыдай деңгейде жүзеге аспай отыр. Олардың орындалуын қадағалап отырған тиісті бақылау жоқ. Кейбір тармақтар мүлдем орындалмайды. Жоспарланған жұмыстарға үнемі түзетулер енгізіліп келеді. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі «Nur Оtаn» партиясымен және оның фракциямен бірлесіп, аталған бағдарламалардың орындалуы туралы тыңдау ұйымдастыруы керек. 2025 жылға дейін аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және облыс үшін аумақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.

Елбасы сонымен бірге «Nur Оtаn» партиясының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциясының жұмысына тоқталып, «Nur Оtаn» партиясының рейтингі барлық деңгейдегі депутаттардың жұмыстарының нәтижесінде қалыптасатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев депутаттардың өңірлерге жұмыс сапарларының форматын қайта қарауды және партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде бірінші басшылар мен азаматтардың кездесуін ұйымдастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

– Талдау нәтижесі біздің партияның депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарын жеткілікті пайдаланбайтындығын көрсетті. Сонымен қатар, «Nur Оtаn» фракциясы қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер бойынша бастама көтере бермейді. Соңғы бірнеше ай ішінде «Nur Оtаn» фракциясының мүшелері бірде-бір резонанстық іс бойынша өз ұстанымдарын білдірмеген, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы фракция жұмысында бюрократияны және үйлестірудің күрделі процедураларын жою қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев партия органдарының – Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыруды тапсырды.

– Осы органдарға кіретін депутаттар белсендірек әрекет етуі қажет. Сіздер тиісті мәселелерді сындарлы түрде көтеріп, жұртшылықтың қатысуымен нақты шешімдер ұсынғандарыңыз жөн, – деді партия төрағасы.

Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті өздеріне Конституция арқылы бекітілген заңнамалық бастаманы фракция депутаттарының іс жүзінде қолдана бермейтінін атап өтті.

– Депутаттар – партияның діңгегі, белсенді электораттың негізі. Халық сіздерге партия арқылы тиісті өкілеттіктер берді. Сіздер азаматтарымыздың мәселелерін шешу жолында жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Елбасы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев партияның саяси көшбасшылығын сақтап қалудың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің басты міндетіміз – тұрақтылық, Қазақстанның өсіп-өркендеуі және қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан уәделерімізді орындау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет, – деді Елбасы.

Жоғары қарай