Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Нұртөре Жүсіп дәрігерлер қателігі мәселесін көтерді

2019 жылдың 21 қазан 2019 21:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Нұртөре Жүсіп Парламент Сенатындағы Үкіметтік сағатта дәрігерлер қателігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, өмірде қателеспейтін адам да, маман да жоқ. Біздегі дәрігер қателігі деген мәселеге байланысты не айтасыз? Екіншіден, жалпы клиникалық хаттама деген бар. Диагноз қою ісінде біз дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоя алмауы салдарын көріп жүрміз. Мәселен, Қарағандыда 11 айлық қыз бала ауруханаға түсіп, оған ішек инфекциясы диагнозы қойылған. Антибиотик беріп, екі аптадан кейін бронхит деген. Одан соң ангина деп, ақыры өткір екіжақты пневмания деп, бір айдың ішінде қыз бала комаға түсіп, өмірден өтіп кеткен», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатордың айтуынша, бұл жағдай «Казахстанская правда» газетінде жазылған. Осыны айта келе депутат дәрігерлер клиникалық хаттама дегенді оқи ма, жоқ па – соны білгісі келетінін айтып өтті.

Бұл сұраққа жауап берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов расында да, дәрігердің қате медициналық көмек көрсетіп, оны жасырмақ болатын жағдайлары кездесетінін айтты.

«Ондай жағдайда дәрігер қағаздардың бәрін тығып тастайды. Өкінішке қарай, бізде ондай жағдайлар бар. Басқа мемлекеттерде де кездеседі. Дүниежүзілік тәжірибе бойынша, осы мәселені қалай шешу керектігін зерттеп жатырмыз. Дәрігердің қателігі болады енді... Бірақ, оны реттеп, себептерін табуымыз керек. Дәрігерлер өз қателері жөнінде ақпарат беріп, басқа дәрігерлермен талқылап, шешім қабылдаса – сонда ғана бізде күрделі мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік туады. Сонымен бізге, біздің ойымызша, заң тарапынан біріншіден дұрыстап қарастыруымыз керек. Қазіргі ол уақытта бұл мәселе тек Қылмыстық кодекстің негізінде қаралады», - деді ол.

Министр өз сөзінде әр аурухананың ішінде қажетті медициналық қызмет сапасын көтеру қажеттігі бар екенін сөз етті.

«Сонымен бірге, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуіміз керек. Клиникалық хаттама бойынша әр ауруханада осындай жағдай орын алса, дәрігерлік комиссия жұмыс жүргізеді. Дәрігерлер мұндай жағдайлардан сабақ алуы керек. Қосымша қаражат көзі табылса, дәрігерлерді жұмыстан шығармай, оқуға жіберу керек. Осы себепті, дәрігерлерді қайта даярлау бағытындағы бюджет шығыстарын көбейтіп жатырмыз», - деді ол.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Парламент, Медицина, Қоғам,
Жоғары қарай