Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 384.39
EUR 431.71
RUB 6.11
CNY 55.88

Ольга Рыпакованың жұбайы ШҚО Дене шынықтыру басқармасының басшысы болды

2019 жылдың 4 маусым 2019 09:34 697

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Денис Рыпаков Шығыс Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алтайньюс сайтына сілтеме жасап.

Басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі Даниал Ахметов Денис Рыпаковтың тәжірибесі мол маман екенін айта келе, бұл тағайындау өңір спортының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Бұл азаматты барлығыңыз да жақсы білесіздер. Денис Рыпаков - танымал спортшы ғана емес, сондай-ақ осы салада түрлі басшылық қызмет атқарған білікті маман, тәжірибелі басшы. Мәселен, ол бүгінде Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын басқарып, өңір спорты үшін ғана емес, республикалық маңызға ие жұмыстардың басы-қасында жүр. Денис Рыпаков республикалық Жеңіл атлетика федерациясымен де тығыз байланыста. Ол - еліміздегі аталмыш спорт түрінің беткеұстар мамандарының бірі. Сондықтан Денисті осындай басшылық қызметке тағайындау өте орынды шешім деп білемін. Жаңа басшы сенім үдесінен шығатынына күмәнім жоқ», - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, ШҚО-ның Дене шынықтыру және спорт басқармасын бұған дейін Асқар Можанов басқарып келді. 

Денис Сергеевич Рыпаков 1980 жылы 20 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша - дене шынықтыру мұғалімі. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясының Дене шынықтыру институтын аяқтаған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және ҚР спорт шебері. Еңбек жолын 2001 жылы елордада «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясында» нұсқаушы ретінде бастаған. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтында - маман, «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясында» - бапкер болып еңбек етті.

2013 жылдан бастап «ШҚО Жеңіл атлетикадан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебін» басқарды.

Оның спортшы ретінде де жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, ол 2003 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен Дүниежүзілік универсиадада 400 метрге жүгіру сайысында күміс жүлдеге ие болды. 

Денис Рыпаков Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жұбайы, екі бала тәрбиелеуде. 

 

 

 

Жоғары қарай