Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Өлсем денем еліме жеткізілсе деймін – соғыс ошақтарынан ақпарат беретін түркиялық тілші

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Astana Media Week алаңында бүгін түркиялық ІНА (Ihlas Haber Ajansi) жаңалықтар агенттігінің өндіріс жөніндегі директоры сөз сөйледі. Журналистиканың ажалмен бетпе-бет келетін қатерлі саласында жүрген қағылез маман әлемнің әр нүктесіндегі соғыс ошақтарынан ақпарат беріп келеді. Өзгір Йорул – 18 жасынан бері от пен оқтың ортасында жүрген, кезінде Саддам Хусейннің өзінен сұхбат алған тілші. Айтары бар екен.

«Біздің журналистер соғыс болып жатқан өңірлерді аралап, халыққа жылдам хабар беріп отырады. Қайғы бұлты үйіріліп, қан төгілген жерде жүреміз. Әскери қақтығыстар болған Индонезия, Ауғанстан, Ирак, Араб елдерінде, Сирияда жұмыс жүргіздік. Жұмысымды оператор ретінде бастадым. Балқандағы қақтығыстарда, Индонезиядағы зілзалада, Бағдаттағы шайқас орындарында болдым. Соңғы 20 жылда әлем тарихының маңызды оқиғаларының бел ортасында жүрдік», - дейді Өзгір Йорул елордада өтіп жатқан Astana Media Week шарасында.

Түркиялық журналистің айтуынша, соғыс ошақтарынан алынған хабарлар бірден ІНА (Ihlas Haber Ajansi) жаңалықтар агенттігінің орталығына жолданады. Ақпарат осыдан кейін бірден өңделіп, көрерменге жол тартады.




«Біз ең алдымен, оқиғаның эпицентріне өз бәсекелестерімізден ертерек жетуді мақсат тұтамыз. Себебі, ұжымдық жұмыс осы өлшеммен өлшенеді. Шайқас орындарынан жаңалықты уақтылы жолдау үшін 2-4 адамнан тұратын команда аттандырылады. Катарда, Иорданияда оқиғаның – оттың ортасында жүрген кездер болды. Тіпті Саддам Хусейннің ескерткіші бұзылып жатқан кезде жаңалық беріп жаттық. Біздің жұмыстағы негізгі позиция – өзара түсінісу. Өйткені, егер командадағы екі адам бір-бірімен ұғыныспаса, бәлкім, уақытында қажетті жаңалықты бере алмай қалуы мүмкін. Яғни, командаластардың барлық жұмысы үйлесімді болуы тиіс», - дейді ол.

Өзгір Йорул 18 жасынан бастап әлемнің соғыс болып жатқан нүктелерінде тілшілік қызмет атқарған. Кезінде Саддам Хусейннен сұхбат алған танымал журналист. Қызмет жолын 1997-1998 жылдары Балқандағы қақтығыстардан бастағанын айтады. Балқанға жас шағында автобуспен жеткенін еске алады.




«Репортер үшін соғыс ошақтарында жүру бір жағынан қызық десек те, бұл өте ауыр жұмыс. Кейде суық та қатерлі орындарда жаңалықты сағаттап күтетін кездер болады. Жергілікті тұрғындармен етене жұмыс жүргіземіз. Жергілікті салтты, ерекшелікті біліп отырудың маңызы зор. Сәбидің өлімі, бейбіт халықтың қырылуы секілді қорқынышты оқиғаларды өз көзімізбен көрген шақтар көп болды. Сынып кетпеуді ойлап, жұмысты жалғастыра береміз ондайда. Басты талап – жаңалықты тездетіп беру. 2011 жылы Каддафи өлтірілген кезде бірден жиын өткізіп, Ливияға жету міндетін алға қойдық. Әріптес басылымдардың ақпаратын ақтардық. Олармен ақпарат алмасу тәжірибесі де бізде бар. Әуе қатынасына шектеу қойылғаннан кейін Ливияға Тунис арқылы ұшып жеттік. Кейде белгілі бір елдің бақылау-өткізу пункті жібермей, кейде жұмыс істейтін құрал-жабдықтарымыз шекарадан өтпей, кедергілер көп кездеседі», - дейді түркиялық журналист.




Өзгір Йорул кейбір қауіпті жағдайда жылдам эвакуциялану қажеттігі туындайтынын жеткізді. Ол үшін тілшілер алдымен шегінетін жерін бірден есептеп, алдын ала қайда қашатындарын біліп алуы тиіс. Жуықта ғана Ауғанстанның солтүстігінде қақтығыс болғанда тілшілер қосыны тауға қашып аман қалыпты.

«Бұрын ақпаратты агенттіктің орталығына жеткізу қиынға түсетін. Қазір интернет пен әлеуметтік желінің арқасында бұл шаруа жеңілдей түсті. Агенттіктің әлеуметтік желідегі аккаунттары, арналары арқылы тікелей трансляция жасалады.

«Соғыс ошақтарында еңбек ететін тілшілер расында да, басын бәйгеге тіккеннен кейін белгілі бір артықшылыққа лайық деп айтуға болады. Қатерлі жерде жүрген тілшілер көбірек қолдауға ие болуы тиіс. Біз жұмысқа суық ақылмен емес, ыстық жүрекпен барамыз. Яғни, жаңалықты бірінші беру рахатын жаныңызбен түсінесіз. Теледидардан көргеннен кейін осы жұмысқа құмар болсаңыз, оқыс оқиғалардың ортасында болғыңыз келіп кетеді. Мен қазір дәл осы жерде тұрсам да, қатерлі болса да, соғыс болып жатқан аймақтардың біріне барып, халыққа ашық та әділ хабар бергім келіп тұр. Журналистика – мүлде бөлек әлем, ерек іс», - дейді ол.

Қауіпті аймақтарда жүретін тілшіге «Отбасыңыз жұмысыңызға қалай қарайды?» деген сұрақ қойылды.




«Жұмысқа алғаш кіріскен кезде бойдақ едім. Ауғанстанда оқиғалардың бел ортасында жүріп, қандай сезімде болдым? Ондай жағдайда өлім жайлы мүлде ойламайсың. Өлем-ау деген ой келмейді. Егер өлім жайлы ойласам, ең біріншіден, денем Түркияға жеткізілсе деймін. Отбасылы әріптестерімді соғыс ошақтарына жібергім келмейді. Себебі, ондай орындарда белгілі бір адамдар ғана еңбек ете алады. Польшалық бір әріптесімізбен әр жерде кездесіп жүретін едік. Иракта оны өлтіріп кетті. Әрине, біз секілді тілшілердің саны уақыт өте келе азайып барады. Бірақ, көрермендер соғыс ошақтарынан жаңалық білгісі келеді. Біз мамандар ретінде олардың талабын қанағаттандырып, мәлімет беріп отыруымыз керек», - дейді Өзгір Йорул.



Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Түркия, БАҚ,
Жоғары қарай