Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Оңдасын Оразалин: Халыққа «Туған жер» жобасының басымдықтарын көрсеткіміз келеді

2018 жылдың 26 қазан 2018 13:33

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, «Туған жер» жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Оңдасын Оразалин аталмыш жобаны іске асыруда қандай маңызды тұстарға мән беру керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туған жер» жобасы толығып келеді. Бизнес тарапынан аталмыш жоба үлкен қолдау тауып, өңірлерде көптеген іс-шаралар мен жоспарлар бекітілді. Аталған жоспарлар бойынша әртүрлі форматта іс-шаралар қабылдануда. Биыл жоба шеңберінде республикада жылдың басынан бері үш мыңнан аса іс-шара жүзеге асырылды. Әр өңірдің өзіндік жақсы бастамалары, жетістіктері мен озық тәжірибелері бар», - деді Оңдасын Оразалин ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның кезекті отырысында.

«Туған жер» жобасы бойынша жұмыс тобы жетекшісінің айтуынша, осы жылдың маусым айында жобаның іске асырылуы кешенді түрде тексеріліп, оның қорытындысы бойынша өңірлердің өзара тәжірибе алмасу мәселелелері талқыланған.

«Алдағы уақытта қоғамдық сананы жаңғыртуда тиімділігін көрсеткен маңызды бағыттарға қарай жұмысты үйлестіріп, Президенттің 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын есепке алу көзделуде. Бірақ, бұл ретте бірқатар назарға аларлық тұстар бар. Біріншіден, бізде бұл бағытта орталық органдар мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын әлі де күшейту керек. Себебі, коммуникация жобалық кеңсенің мамандарының деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Бұның арты біршама сұрақтар туындатып отыр. Өйткені, аймақтық кеңселердің жұмысына жеткілікті деңгейде маңыз берілмейді. Жобаның жүзеге асырылуына толыққанды мониторинг жүргізу қажет деп есептейміз», - дейді Оңдасын Оразалин

Сонымен бірге, Оңдасын Оразалин жобаның іске асырылу жолында аймақтар үшін бірыңғай көрсеткіштер жүйесін құруды ұсынды.

«Бағдарлама бойынша бізге қағаз жүзінде қабат-қабат есептер келіп жатыр. Оны тіпті оқып біту мүмкін емес. Жұмыс атқарылып жатқанымен, жалпы үйлесім мен мониторинг жоқ. Осыған байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шаруаларды есепке алу жүйесін енгізу керек деп есептейміз», - дейді ол.

«Туған жер» жобасы бойынша Оңдасын Оразалин тағы бір маңызды мәселеге назар аударуды еске салды.

«Жобаны ақпараттық тұрғыда қолдау бойынша айтарым бар. Аймақтарға сұрақтар көп. Жағдай мынада. Қазіргі таңда кейбір іс-шаралардың пиар-сипаты байқалып қалып жатыр. Ал біз халық пен бизнес үшін жоба мен атқарылған жұмыстың басымдықтарын көрсеткіміз келеді», - дейді ол.

Жоғары қарай