Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Оңтүстік Кореяда бала қағып, қашып кеткен отандасымыз өз еркімен Сеулге ұшып келді

2019 жылдың 14 қазан 2019 10:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып кетіп, соңынан елден кетіп қалған Қазақстан азаматы тергеу іс-шараларына қатысу үшін Сеул қаласына өз еркімен ұшып келді. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қазақстан Республикасы азаматының Кореяға келу барысы елшілік қызметкерлерінің бақылауында өтті. Дипломаттар жеке сұхбат барысында оның құқықтарын түсіндіріп, тергеу кезінде өзін қалай ұстауы керектігі туралы кеңес берді» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта отандасымыз Чангвон қаласының тергеу изоляторында қамауда отыр. Елшілік бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстайды.

Рёнхап агенттігінің хабарлауынша, оқиға өткен айда Оңтүстік Кёнсан провинциясында болған. Бастауыш мектепте оқитын баланы көлік қағып кеткеннен кейін денсаулығына үлкен зақым келген, деп хабарлайды Ұлттық полиция агенттігі.

Миына қан құйылған бала оқиғадан кейін ес-түссіз жатқан.

Ақпарат агенттігі қазақстандық заңсыз иммигранттың жүргізуші куәлігі болмағанын атап кетті. Ол басқа адамның атына тіркелген көлікті айдаған. Сондықтан полиция жол апатына кінәлі адамды уақытында анықтай алмай, елден кетуге тыйым сала алмаған.

Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланғаннан кейін Оңтүстік Корея полицейлері қазақстандық әріптестеріне аталмыш оқиғаға қатысты шара қабылдауды өтінді. Осылайша олар қазақстандық полициямен бірлесіп, заң бұзушының жүрген жерін анықтады.

Сондай-ақ, Оңтүстік Корея қазақстандық әріптестеріне күдіктіні Сеулге экстрадациялау туралы өтініш білдірді. Сеулдегі Қазақстан елшілігінің көмегімен оңтүстіккореялық тарап жас жігітті өз еркімен елге қайтуға көндіре алды.

Қазақстандық Интерпол жүргізген тергеу барысында ер адам жасаған қылмысын мойындап, Оңтүстік Кореяның полициясына берілу жөнінде шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, біраз уақыт бұрын Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып, оқиға орнынан ізін суытқан болатын. Біраз уақыттан кейін оның Павлодарда жүргені белгілі болды.

Осы жағдайдан кейін Оңтүстік Кореяның билік өкілдері заңсыз жүрген шетелдік азаматтарға елден алдын ала ескертусіз шығуға тыйым салатынын мәлім етті.

Басты сөздер: Оқиға, ҚР СІМ,
Жоғары қарай