Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Оңтүстікте тұрмысы төмен отбасыларды кәсіпкерлікке тарту жұмысы жалғасады

2019 жылдың 11 қазан 2019 16:47

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында әзірленген аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту және жұмыспен қамтамасыз ету үшін оларды кіші кәсіпкерлікке тарту жұмыстары жалғасады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының сөзінше, өңірде АӘК енгізу аясында балалы аналарға үйде кәсіппен айналысу үшін АӘК біржолғы төлемі есебінен 15 шағын жоба іске асырылуда. Бұл әйелдердің, оның ішінде ауылдық жерлердегі нәзік жандардың кәсібін дамытуына мүмкіндік береді.

«2020 жылдан бастап мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек үш бағыт бойынша жүреді. Біріншісі, көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақыны ұсыну, бұл ретте көпбалалы отбасы – аз қамтылған отбасы деген стереотиптен алынып тасталады. Екіншісі, аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру. Үшіншісі, барлық АӘК алушы отбасындағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетті ұсыну»,-дейді Әсия Темірбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, бірінші бағыт бойынша облыста АӘК алатын балалардың 60%-ға жуығы көпбалалы отбасыдан шыққан. Өңірде 86,6 мың көпбалалы отбасы бар болса, оның 56,9 мыңында төрт баладан бар. Сондай-ақ, бес балалы - 24,4 мың отбасы, алты балалы - 4,8 мың отбасы, жеті және одан көп балалы - 508 отбасы бар. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды дейді сала басшысы. Барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасыға осы өтемақылар төленеді.

«Екінші бағыт бойынша АӘК аз қамтамасыз етілген, оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленеді. Критериі облыстың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде қалады. АӘК мөлшері бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленеді. Үшіншісі, аз қамтылған отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет енгізіледі. Пакет келесіні қамтиды: мектеп жасына дейінгі балалар үшін: балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар; мектеп жасындағы балалар үшін – мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу. 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМК енгізу аясында 2020 жылы 17 074 млн теңге бөліну жоспарланған»,- дейді Әсия Темірбаева.

Жоғары қарай