Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Оралда мұнай өнімін заңсыз тасымалдаушыларға жаңа сот үкімі шықты

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 18:54

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Оралда мұнай өнімін заңсыз тасымалдаушыларға қатысты жаңа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұл іс осымен екінші рет қаралып отыр.

Істі қараған судья Қайрат Өтешевтің айтуынша, Қайрат Намазбаев ұйымдастырған қылмыстық топ Ресейден Қазақстанға мұнай өнімін (битум) заңсыз тасымалдаған. Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімге сәйкес битум тасымалдауға тыйым салынған. Келісім әлі де күшінде.

2017 жылдың 5 қыркүйегінде «Көшім» бекетінде Ресейден битум тасымалдаған бес автокөлік ұсталды. Зертханалық тексерулер ондағы мұнай өнімінің битум екендігін көрсетті.

Ресейдің Орынбордағы «Номад-Инвест» зауытынан (басшысы Тимур Қалиев) қазақстандық «Sundex» (директоры Қайрат Намазбаев) ЖШС-ға бағытталған өнімнің ілеспе құжаттарында ол битум емес, резеңке битумды қоспа (РБВ) ретінде көрсетілген. Кейін контрагентті тексеру кезінде анықталғандай, Намазбаевтың фирмаларымен Ресейден жеткізілген өнім РБВ болып ресімделгенімен, шын мәнісінде битум сатылып отырған.

Сот үкімімен Қайрат Намазбаев ҚР ҚК 197-бабы 4-бөлігі 1 және 2-тармақшалары (мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), 244-бабы (азаматтың салық және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтаруы), 245-бабы 3-бөлігі (ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару), 262-бабы 1-бөлігіне (ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) сәйкес айыпты деп танылды. Қ.Намазбаевқа мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу үкімі кесілді. Бұған дейін оған мерзімін қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Сол секілді Жандос Қайырбаев, Тимур Қалиев, Айбек Балтұрманов және Нұрлан Кенженов ҚР ҚК 197-бабы 4-бөлігі 1 және 2-тармақтары (мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), 262-бабы 2-бөлігіне (ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу) сәйкес айыпты деп танылды. Оларға мүліктерін тәркілеусіз 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Аталмыш тұлғалар осыған дейінгі үкімде сегіз жылға кесілген болатын.

Ал ҚР ҚК 216-бабы 1-бөлігіне (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) сәйкес айыпты деп танылған Бақытжан Жақатаевқа пробациялық бақылау орнатылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. Б.Жақатаев мерзімін қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 5 жылға сотталған еді.

Сот үкімді шығарған кезде сотталушылардың бұрын істі болмағанын, жастығын, отбасылы екендіктерін ескерді.

Қ.Өтешевтің сөзіне қарағанда, бастапқы үкімнен өзгешелігі, бұл жолы қылмыстық топтың трансұлттық сипаты алынып тасталды.

Қ.Намазбаев бастаған сотталушылардан мемлекет пайдасына 539 млн теңге өндірілді.

Сонымен қатар куәгерлер Кучеров, Зайцева және Қартқожақованың берген жауаптарының дұрыстығына күмән тууына байланысты бұған баға беру жөнінде жеке ұйғарым шығарылды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаушыларға қатысты сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.

Кейін іс апелляциялық сот алқасында қаралып, бірінші сатыдағы сот үкімі бұзылып, қайта қарауға жіберілген еді.


Жоғары қарай