Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Оралдық тұрғын ірі көлемдегі есірткіні автокөлікке айырбастаған

2019 жылдың 28 наурыз 2019 20:04

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ірі көлемдегі есірткіні автокөлікке айырбастаған тұрғын сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттан түскен мәліметке қарағанда, Асқар Мұханбетов аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтап, сатқан.

Атап айтқанда, ол 53 сіріңке қорабы мен 28 газет орамасына салынған 1 кг 725,93 грамм кептірілген марихуананы С.Есқалиев көшесі бойындағы өзі тұратын 148-үйдің 60-пәтерінде заңсыз сақтаған.

Содан 11 қаңтар күні сағат 17.50 шамасында марихуананың бір сіріңке қорабын (салмағы 1,33 грамм) үйінде қалдырып, қалғанын (1 кг 724,60 грамм) қол сөмкеге салып, автокөлікке айырбастау үшін Достық даңғылы бойындағы «Саяхат» аялдамасына келген. Аялдаманың артында бүркеншік «Лидер» есімді тұрғынмен кездесіп, оған қол сөмкені беріп, орнына «Тойота Камри» автокөлігін алған. Алайда сол бойда қолға түскен. Автокөліктің «иесі» ретінде ҰҚК қызметкері болған.

Сот үкімімен А.Мұханбетов ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес (аса ірі көлемде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) айыпты деп танылды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жоғары қарай