Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Оралмандардың бизнес бастамаларына қолдау жасалады

2019 жылдың 27 маусым 2019 15:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қоюға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда және шетелде тұратын отандас оралмандарды қолдау қажеттігі туралы тапсырмасы негіз болды. Меморандумның мақсаты - оралман отандастардың бизнес бастамаларын қолдау және дамыту, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметіне оралмандармен жұмыс жөніндегі ұсынымдарды қалыптастыру, мемлекеттік бағдарламаларды және басқа да мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жөнінде ақпараттық қолдау көрсету, тарихи отанына оралған және шетелде тұратын оралман отандастардың осындай бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету сияқты бағыттарда ынтымақтастықты жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының байланыс орталығымен интеграциялауда 1404 Бірыңғай байланыс орталығын дамыту, қалалар мен ауылдық жерлерде оқу-өндірістік орталықтарын құруды қолдау жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Дүние жүзі қазақтары қауымдастығымен облыстық филиалдардың қызметкерлеріне жедел өзара іс-қимылды бекітеді. Сондай-ақ серіктестермен бірлесіп, шетелде тұратын қазақтар үшін Қазақстанда бизнесті дамытуға жағдай жасау тетіктерін қарастырады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2013 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл кәсіпкерлігіне шағын несие беру операторы болып жұмыс істеп келеді. Осы кезең аралығында Қор 118 млрд теңгеге 52 мың шағын несие берді, соның көмегімен ауылдық жерлерде 52,6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына, соның ішінде оралмандарға жалпы сомасы 30 млрд теңге болатын 8 мыңнан астам несие берілді», - деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров. Жобаға «Атамекен» ҰКП», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Казагрогарант» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» және «El Tirеgi» қазақстандық шағын және орта бизнес қауымдастығы қатысады.

Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру, бизнес жоспарлар дайындау және ауылда бизнес әлеуетті іске асыру үшін гранттар, жеңілдіктер мен субсидиялар алуға жәрдем көрсету мүмкіндіктері зерделенеді. Агроөнеркәсіптік кешеннің «жасыл» технологияларын (тұқым, себу технологиясы, мал басын көбейту, ет және т.б. алу) пайдалана отырып сүт, ет, өсімдік және т.б. өндіру мүмкіндіктері зерттеледі. Ауылда бизнесті ұйымдастыру жөнінде пәрменді модель жасалатын болады.

Жоғары қарай