Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Орман шаруашылығы комитеті ауылға кіріп кеткен қасқырлардың видеосына қатысты түсінік берді

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 15:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Павлодар облысында елді мекенге қасқырдың кіріп кеткенін растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақсуда қасқырдың пайда болғаны рас. Алайда қорықшылар оны уақытында атып алды», - деді Сәкен Ділдахмет ҚазАқпарат тілшісіне.

Сонымен бірге, әлеуметтік желіде бір үйір қасқырдың ауылға кіріп кетіп, екі итті талап жатқаны туралы видео тараған еді. Комитет өкілінің болжауынша, бұл жағдайда Қазақстанда тіркелмеген.

«Қасқырлардың итке тап бергенін біздің елде болғанын растайтын ақпарат жоқ. Бәлкім, Ресейде немесе басқа бір елде тіркелуі мүмкін. Видео бізде түсірілмегені анық. Себебі, ол бейнежазбаны ресейлік пабликтерден байқағаным бар еді», - дейді ол.

Қасқыр саны біздің елде реттеліп отырады. Жыл сайын олардың санын реттеп отыру үшін аңшыларға лимит беріледі.

«Егер белгілі бір өңірде қасқыр адамға немесе малға шапса, тұрғындар облыстық аумақтық орман шаруашылығы инспекциясына хабар беруі керек. Былтыр да, биыл да қасқырдың малға шапқан жағдайы кездескен еді», - деді Сәкен Ділдахмет.

Сәкен Ділдахметтің хабарлауынша, алыс елді мекендерде малын ұстайтындар қасқырдың сырын біледі. Қорасын барынша берік салады.

«Кейде қора дұрыс қымталмағанда қасқыр малды жарып кетуі мүмкін. Кейде тұрғындардың өздері қасқырды атып, күшігін өлтіріп кетеді. Мұндайдан сақ болу керек. Қасқыр кекшіл келеді. Айналып кеп қайта шабуы мүмкін», - дейді ол.

Айта кетсек, мессенджерлерде қасқырдың елді мекенге кіріп кеткені туралы видео тарап кеткен еді. Видеода қасқыр Павлодар облысының Ақсу ауданындағы үй ауласына кіріп кетеді. Тағы бір видеода бір үйір қасқырдың екі итті аяусыз талап жатқаны түсіп қалған.


Жоғары қарай