Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы заң күшін жойды

2020 жылдың 8 қаңтар 2020 21:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы заң күшін жойды. Енді өсімдік және мал шаруашылығында шаруалар үшін міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүйесі енгізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 1 және 6 қаңтарынан бастап 2019 жылғы 28 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында қарастырылған кейбір толықтырулар мен түзетулер заңды күшіне енетінін еске салады.

Өткен жылдың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен жоғарыда аталған заң қабылданған. Заң аясында 42 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер, Орман, Бюджеттік, Қылмыстық, Салық кодекстеріне өзгерістер енгізілді.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес үшін салада ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді субсидияландыру қарастырылған. Бұл шаралар арқылы агроөнеркәсіптік кешендерге инновацияларды енгізу жеделдетіледі деп күтілуде.
«2020 жылғы 6 қаңтарынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемін анықтау, оларды бөлу мен орналастыру бағытындағы құзыреттерін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөніндегі норма өз күшіне енеді. Бұл өзгерістер саладағы мамандарды дайындауда мемлекеттік тапсырысты нақты қалыптастыруға, қаржыландыру көлемін дұрыс анықтауға, сапалы кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарын әділетті түрде іріктеуді жүргізуге және мамандықтар бойынша гранттарды дұрыс бөлуге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, 6 қаңтардан бастап «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңы өз күшін жойды. Енді өсімдік және мал шаруашылығында шаруалар үшін міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүйесі енгізіліп отыр.

Қабылданған сақтандырудың жаңа жүйесі ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдаудың нақтылы бағыттарын айқындап отыр. Атап айтқанда, министрлік енді сақтандыруды субсидиялаудың орнына сақтандыру полистерін алуды субсидиялау жүйесін енгізді. Бұл фермерлерлердің шығындарын азайтып, сақтандыру жүйесі мен сақтандыру қаржыларын алу жүйесін ашық етеді.
Сондай-ақ, министрлік фермерлерге екінші деңгейлі банктерден несие алу барысында сақтандыру полистерін кепілдік ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін нормаларды енгізіп отыр.

Айта кету керек, ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі электрондық платформада жұмыс істейтін болады. Сақтандыру келісім-шарттарын жасау, субсидиялау, сақтандыру жағдайының орын алуы фактілерін анықтау және сақтандыру төлемдерін төлеу ақпараттық жүйе арқылы жүргізілетін болады. Бұл тәуекелдерді басқарудың ашық жүйесін құруға мүмкіндік береді.


Басты сөздер: ҚР АШМ, Заң,
Жоғары қарай