Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Өскемендік сақшылар 8 қабаттан секірмек болған жігітті тоқтатты

2019 жылдың 11 наурыз 2019 15:44

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендік сақшылар суицидтің алдын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 9 наурыз күні болған. Күндізгі сағат 15.30 шамасында «102» арнасына әйел адам хабарласып, бейтаныс жігіттің терезеден секірмек болып жатқанын хабарлайды. Оқиға орнына дереу жеткен тергеуші Сағыныш Сәбиханов пен жедел уәкіл Қанат Дәуітханов пәтердің нөмірін бірден анықтап, сегізінші қабатқа жүгірген.

Бұл кезде төтенше жағдай, жедел жәрдем мамандары да жетіп үлгереді. Пәтерге кірген бойда сақшылар жігіттің терезеден сыртқа шығып алғанын байқайды. Өмір мен өлімнің арасын бір ғана қадам бөліп тұрған. Төмендегі адамдардың ақылы мен жалынышты сөздеріне 24 жастағы жігіт құлақ аса қоймайды. Тек Сағыныш Сәбихановпен тілдесе бастайды. Осы сәтті пайдаланып, тергеуші жылы сөздермен жігітті өзіне баурай берген. Келіссөз бір сағатқа жуық уақытқа созылған. Ақыры Сағыныш Сәбихановтың ағалық ақылына иліккен жігіт алғашқы райынан қайтқан.

«Жас-жас жігіттің неліктен мұндай шешім қабылдағанын тергеу амалдары анықтайды. Әзірге себебі белгісіз. Соншама адамның арасынан тергеушінің сөзі ғана әсер етсе керек. Өз ісін адал атқарып, адам өміріне араша түскені үшін Сағыныш Сәбихановты марапаттау жөнінде басшылыққа ұсыным жіберілді. Ал суицид жасамақ болған жігіт дін аман», - дейді облыстық полиция департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Әйгерім Нұрғазина.

Жоғары қарай