Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

«Отандастар қоры» ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссарымен тұрақты байланыс орнатады

2019 жылдың 4 қыркүйек 2019 17:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның бірінші вице-президенті Талғат Адуов пен ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Ламберто Заньер кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда Талғат Адуов Ламберто Заньерге Отандастар қорының негізгі қызметі жайында әңгімелеп, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесе атқарылатын міндеттермен таныстырды.

Жүздесуде Ламберто Заньер қызмет барысында шешілуді қажет ететін шетелдегі қазақтардың ең көп кездесетін мәселелері жайлы сұраған болатын. Осыған орай, мәртебелі мейманға қазақтар жинақы шоғырланған елдерде қазақ тілін қолдану кеңістігі тарылып, ассимиляция және ұлттық бірегейлікті жоғалту қауіпі бар екені айтылды. Сонымен қатар, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шетелдегі қазақтардың этномәдени бірлестіктерімен тиімді қарым-қатынас орнатып, олардың даралығын сақтаудағы миссиясының маңыздылығы жайлы сөз қозғалды.





Т.Адуов қазақ тілінің қолданушылары үшін этномәдени құндылықтарды таратудың негізгі құралы ретіндегі ерекше тарихи маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде құрметті қонақ Орталық Азия елдеріндегі саны аз ұлттардың тілін сақтауға арналған білім беру бағдарламаларымен таныстырып, оған Моңғолияны қосуға ниетті екенін білдірді.

Ламберто Заньердің айтуынша, жобаларды жүзеге асыру барысында олар қабылдаушы елдің заңнамасын сақтауға және тілдік тепе-теңдікті сақтау өте маңызды екенін баса атап өтті.

Сондай-ақ, қонақтар Моңғолияның этникалық қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағындағы қазақ тілінің жағдайына да қатысты әңгіме өрбіте отырып, саны аз ұлттарға тілді үйрену мен сақтаудың әртүрлі әдістерін қолдану мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады.

Бас қосу нәтижесінде тараптар тәжірибе алмасу үшін тұрақты байланыс орнатуға уағдаласты.


Жоғары қарай